Апелляциялық алқа Қарағандыдағы «Бесоба» ТК-нің опырылған үйін қабылдаған экс-шенеуніктерге қатысты үкімді күшінде қалдырды

ҚАРАҒАНДЫ. 23 сәуір. ҚазАқпарат - Қарағанды облыстық сотының апелляциялық алқасы Қарағандыдағы «Бесоба» ТК-нің опырылып құлаған үйін қабылдаған экс-шенеуніктер Виктор Иванов пен Дәулет Алтынбековке қатысты үкімді күшінде қалдырды, деп хабарлады агенттік тілшісі.
None
None

«В.Иванов пен Д.Алтынбековке қатысты бірінші инстанциядағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылсын, шағым - қанағаттандырылмасын», деп қаулыны жария етті қылмыстық істер жөніндегі апеляциялық сот алқасының судьясы Марат Ыбыраев.

В.Иванов бұрынғыша өзін кінәсіз деп санайтынын және өзін ақтау үшін одан әрі күресетінін мәлім етті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудан сотының үкімімен «Бесоба» ТК №7 опырылып құлаған үйін қабылдаған Қарағанды қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары В.Иванов пен қалалық сәулет-құрылыс басқармасының бұрынғы қызметкері Дәулет Алтынбеков салғырттығы үшін айыпты деп танылды. Олар 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, бірақ та рақымшылыққа ілікті.

Еске сала кетейік, 2012 жылғы 6 сәуірде Қарағандыда үлескерлік қатысумен салынған «Бесоба» кешеніндегі 5 қабатты үйдің 4-ші кіреберіс-блогы опырылып құлады.

Зардап шеккен меншік иелеріне қала билігі жаңа үй берді. Дегенмен «Бесоба» ТК-нің барлық басқа үйлері де апатты деп танылды. Бүкіл кешенді құлатып, оның орнына жаңа көпқабатты үйлер салуға шешім қабылданды.

Үйдің опырылып құлауы фактісі бойынша төрт қылмыстық іс қозғалды. Үйді салушылар мен жобалаушыларға қатысты қылмыстық іс сотқа жеткен жоқ. Айыпталушыларға тергеу кезінде рақымшылық жасалды. Жұмыстарына салғырт қарағаны үшін «Бесоба» үйлерін мемлекеттік қабылдау актілеріне қол қойған 4 экс-шенеунік рақымшылық актісі қолданылып сотталды. «Бесоба» құрылысына рұқсат берген Қарағанды облыстық сәулет-құрылыс басқармасының бұрынғы бастығы Александр Воробьевке қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін үш жыл қамауға үкім шығарылды.

Осы үйді салумен айналысқан «Сервиспромснаб» ЖШС директоры Андрей Маляновқа қатысты қаржы полициясы үлескерлерді алдағаны үшін қылмыстық істі тергеуде. Клиенттердің ақшасын алып қашып кеткен компания басшысына іздеу жарияланды.

Ел Үкіметінің резервінен «Бесобаның» орнына «Шапағат» жаңа тұрғын үй кешенін салуға 1,5 млрд. теңге бөлінді. Бас мердігерлері екі фирма - жергілікті «Оливия» және астаналық «О.Т.А.Н.» фирмасы. Қарағанды әкімі Мейрам Смағұловтың хабарлауынша, осы жылдың аяғында бірнеше үйді пайдалануға беру және «бесобалықтарға» уәде етілген 242 пәтер бөлінуі жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар