Апта ішіндегі кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. ҚазАқпарат – Осы аптада еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Атап айтқанда, Мемлекет басшысының өкімімен Салауат Сыйлыбайұлы Мүксімов Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Салауат Сыйлыбайұлы 1980 жылы дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік заң академиясын, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген. «Мемлекеттік және жергілікті басқару» профилі бойынша PhD докторы. 2015-2016 жылдары аралығында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде түрлі лауазым атқарған. Агенттіктің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры, Қостанай, Атырау облыстары бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңесінің төрағасы болған. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау департаменті директоры лауазымын атқарған.

ҚР Үкіметінің қаулысымен Азамат Өмірзақұлы Бейісбеков ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Азамат Бейісбеков 1985 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген.

Е. А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған. Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі.

Еңбек жолын 2006 жылы ҚР Кедендік бақылау комитетінің кедендік рәсімдеу маманының міндетін атқарушы болып бастаған. 2009-2011 жылдары — ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Индустриялық саясат және Стратегиялық жоспарлау департаменттерінің сарапшысы, бас сарапшысы. 2011-2012 жылдары — ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Индустриялық-инновациялық даму бөлімінің бас сарапшысы.

2012-2015 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығында түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 2015-2020 жылдары — ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімінің консультанты; инспекторы; сектор меңгерушісі. 2020-2022 жылдары ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды. 2022 жылғы маусымнан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аппаратының басшысы болып жұмыс істеді.

Үкімет қаулысымен Евгений Дмитриевич Кочетов Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Евгений Кочетов Қазақ гуманитарлық заң университетін, М.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетін бітірген. Экономика магистрі.

2009-2013 аралығында «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында әртүрлі құрылымдық бөлімшелерінде кеңесші, сарапшы қызметтерін атқарған. 2013-2014 жылдары «Цесна» Корпорациясы» АҚ Девелопмент бөлімшесін басқарған. 2014-2016 жылдары «Kazakhstan Real Estate Group» ЖШС басқарма директоры болған. 2016-2017 жылдары Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне қарасты «Орталық коммуникациялық қызметі» РММ директоры қызметін атқарған. 2017-2018 жылдары «Qazcontent» АҚ Басқарма төрағасы болды. 2018 жылы «Нұр Отан» партиясының Стратегиялық бастамалар институты директорының орынбасары қызметіне тағайындалған.

Шығыс Қазақста облысы әкімінің аппарат басшысы болып Бақытжан Байахметов тағайындалды.

Бақытжан Кәкенқажыұлы 1970 жылдың 29 тамызында бұрынғы Семей облысы, Аягөз қаласында туған. 2009 жылғы ақпан айынан маусым айында дейін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігін де басқарма бастығы, бас сарапшы қызметтерін атқарды. 2009 жылдың маусымында Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бюджеттік жоспарлау және мемлекеттік сатып алу басқармасының бас эксперті болып тағайындалды. 2009 жылғы қазанынан бастап Өскемен қаласының құрылыс бөлімінің басшысы қызметіне ауысты. 2010 жылдың қарашасынан Аягөз қаласының әкімі болып жұмыс істеді. 2014 жылдың желтоқсаны мен 2019 жылдың сәуірі аралығында Аягөз ауданын басқарды. 2019 жылдың сәуірінен 2021 жылдың маусымына дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып еңбек етті. 2021 жылдың 28 маусымынан 2022 жылдың тамызына дейін Семей қаласының әкімі қызметін атқарған. Соңғы лауазымға тағайындалғанға дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Абай облысынан сайланған депутаты болды.

Ерлан Сағындықұлы Ғалиев Қарағанды облысы әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалды.

Ерлан Ғалиев 1982 жылы Қарағандыда дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік заң академиясын, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, Қазіргі заманғы гуманитарлық-техникалық институтты бітірген. Еңбек жолын 2004 жылы Қарағанды облысы Әділет департаментінің жетекші маманы болып бастады, сондай-ақ осы ведомствода бас маман, бөлім бастығы болып жұмыс істеді. 20082011 жылдар аралығында Теміртау қаласы Әділет басқармасы бастығының орынбасары, Қарағанды облысы Абай ауданы әділет басқармасы бастығының орынбасары болды. Содан кейін Шахтинск қаласы әкімінің кеңесшісі, қала әкімі аппаратының басшысы болып жұмыс істеді. 2015-2018 жылдар аралығында Атырау облысы әкімі аппаратының ақпараттық технологиялар бөлімін басқарды. 2018 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Атырау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Жанболат Сектай Қарағанды облысы Дін істері басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Жанболат Сектай 1992 жылы Қарағанды облысының Нұра ауданында дүниеге келген. 2013 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Еңбек жолын Нұра ауданы Кертінді ауылы әкімінің аппаратында жетекші маманнан бастаған. Нұра ауданы әкімінің аппаратында, Қарағанды облысының конфессияаралық қатынастар проблемаларын зерделеу және талдау бөлімінің және орталығының басшысы, Қарағанды облысының дін істері басқармасының бас маманы, кейін осы ведомствоның бөлім басшысы болып жұмыс істеді. 2020 жылдан 2022 жылға дейін облыс әкімі аппаратының терроризмге қарсы комиссия бөлімін, 2022 жылдың тамызынан бастап осы тағайындауға дейін ұйымдастыру-инспекторлық бөлімді басқарды.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің жаңа басшысы болып Нұрлан Қыдырбаев тағайындалды.

Нұрлан Қыдырбаев 1967 жылы Қызылорда облысында туған. 2019-2022 жылдары Антикордың Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы болды. 2022 жылдан бастап осы уақытқа дейін Антикордың Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментін басқарды.

Асылбек Нұғманов Абай облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Асылбек Мұратұлы БҚО Аңқаты ауылында дүниеге келген. Әр жылдары Ақмола автомобиль жолдары мемлекеттік мекемесінің эксплуатация және қабылдау жұмысы бөлімінде жетекші маман, кейін осы ведомствода сапаны бақылау бөлімінің, экономикалық жұмыс және тендерлер бөлімінің жетекші маманы міндетін атқарушы болды. 2018-2022 жылдары «ҚазАвтоЖол» КЕАҚ бірінші санатты менеджері қызметін атқарды.

Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Саурықов Мұрат Құттыбайұлы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Мұрат Саурықов 1981 жылы Жамбыл облысы Жамбыл ауданында туған. М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын 2005 жылы ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Көлік инфрақұрылымын дамыту комитеті Жамбыл облысы бойынша басқармасы жол қозғалысы қауіпсіздігі және жұмыстарды қабылдау бөлімінің бас маманы болып бастаған, аталған мекемеде 2013 жылға дейін еңбек етті. 2013-2018 жылдары Жамбыл облысы әкімдігінің Құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы, 2018 жылдың қаңтар-қазан аралығында Жамбыл облысы әкімдігінің Құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының автомобиль жолдары бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. 2018 жылғы қазаннан бастап Жамбыл облысы әкімдігінің Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы автомобиль жолдары бөлімінің басшысы лауазымында қызмет атқарып келді.

Жүсіпов Бекзат Бақбергенұлы «Qazcontent» мемлекеттік ақпараттық агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды

Бекзат Бақбергенұлы 1989 жылы Маңғыстау облысында туған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. ҚазХҚжС университетінің экономика магистрі. «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Шығыс Англия Университеті «Медиа, Мәдениет және Қоғам» магистрі (Ұлыбритания).

Еңбек жолын 2006 жылы «West» радиостанциясының жаңалықтар қызметінде редактор-жүргізушіліктен бастаған (Ақтау қаласы). 2007-2008 жылдары – «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалында редактор-жүргізуші; 2008-2009 жылдары – «Алматы» телеарнасының ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясында редактор-жүргізуші (Алматы); 2009-2012 жылдары – «КТК» телеарнасында жаңалықтар қызметінің редакторы (Алматы, Астана); 2012-2013 жылдары – «Хабар» телеарнасының ақпараттық-сараптама дирекциясында бөлім продюсері, редактор-жүргізуші (Астана); 2013-2016 жылдары – Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі, баспасөз хатшысы; 2019-2021 жылдары – «Қазақстан» РТРК» АҚ МОФ - «Маңғыстау» телеарнасының директоры (Ақтау қаласы); 2021-2022 жылдары – ҚР Президенті Әкімшілігі, ҚР Мемлекеттік хатшысы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары болды.

2022 жылдың сәуір айынан бері ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары қызметін атқарды.


Соңғы жаңалықтар