АПТАЛЫҚ ШОЛУ: Астықтың ішкі нарықтағы баға деңгейін қадағалау маңызды

АСТАНА.  27 шілде. ҚазАқпарат - Былтырлардан бері бітік шығып жүрген бидайға биыл табиғаттың тезі де қатты тиіп тұрған сыңай бар. Еліміздің басты астықты өңірлерінен саналатын облыстарда ала жаздай жаңбыр татпаған алқап құрғап, қуаңшылыққа ұрынып барады. Бұл мәселе диқандарды ғана емес дүйім жұртты да алаңдата бастаған.
None
None

«Қазгидромет» орталығы да елдің бірсыпыра аймағы қуаңшылыққа ұшырап, ауыл шаруашылығы дақылдарына зиян келіп жатқанын айтады. Егінге орақ түсер уақыттың аз қалғанын ескерсек, қазірдің өзінде қапырықтан туындаған шығынның біршама еселенгенін байқауға болады. Мамандар қуаң тартып, құрғаған алқаптардың аумағын 353 мың гектарға дейін есептепті. Сондықтан да, жазда жағадан алған жағдайға қатысты Үкімет те алаңдаушылық білдіріп, қуаңшылықтағы астыққа қатысты мәселелерді сабақтап, арнайы селектор­лық кеңес өткізіп, егіннің жағдайы мен нанның бағасын бағамдап шықты.

Айтпақшы, селекторлық кеңестен бөлек Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековты қабылдап, ағымдағы жағдай мен астық жинау ахуалына қатысты есебін тыңдаған болатын. «Биылғы ауылшаруашылық жылы құрғақшылық жағдайында өтуде. Бұл бізде ғана емес Ресейде, Америка мен Еуропада да орын алуда. Былтыр астықтың рекордты көлемін жинадық, бірақ биылғы жыл ауыл шаруашылығы үшін оңай болмайды»,- деген Мемлекет басшысы, алдағы науқанға дайындықты күшейту қажеттігін, оның ішінде жанар-жағармай, ауылшаруашылық техникалары мен құралдарды ұсыну, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірушілерін келесі жылға дәнді дақылдардың тұқымымен қамтамасыз ету мәселелерін пысықтау керектігін атап көрсетті. «Астықтың ішкі нарықтағы баға деңгейін қадағалау маңызды. Үкімет ауыл шаруашылығына жан-жақты көмек көрсететін болады. Қазіргі жағдайда барынша тиімді және ұйымдасқан түрде жұмыс істеу қажет», - деп атап өткен еді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ресми мәліметтен аңдасақ, Қазақстандағы  құрғақшылық негізінен Қостанай облысының оңтүстік бөлігінде - Амангелді, Жангелді, Қамысты, Наурызым, Әулиекөл, Жітіқара, Таран, Қостанай аудандарында, Ақмола облысының Жарқайың, Есіл аудандарында және Жақсы мен Атбасар аудандарының оңтүстік бөліктерінде, Қарағанды облысының оңтүстік бөліктерінде - Ұлытау, Жаңаарқа, Шет, Ақтоғай аудандарында, Ақтөбе облысының оңтүстік және шығыс бөліктерінде - Әйтеке би, Хромтау, Алға, Ырғыз, Шалқар, Темір, Байғанин аудандарында кеңінен тараған. Сонымен қатар, республика аумағындағы алқапта өнген дақылдардың 33 пайызы ғана жақсы шықса, 55 пайызы орташа, 12 пайызы нашар өнімдер қатарында тұрған көрінеді. Ал облыстарда қазірдің өзінде 353 мың гектар дәнді дақылдар егістігі есептен шығаруға жатады. Оның 203,1 мың гектары Ақтөбе облысына, 32,8 мың гектары Алматы облысына, 38,2 мың гектары Жамбыл облысына, 15,1 мың гектары Батыс Қазақстан облысына, 57,6 мың гектары Қарағанды облысына, 6,5 мың гектары Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі екен. Дегенмен, мамандар биылғы астық алқабынан гектарына 801 центнер өнім алып, шамамен 12,8 млн. тонна егін алуға дәмелі. Бұл 2010 жылы орын алған құрғақшылықтағы деңгеймен бірдей көрсеткіш.

Солай болғанымен, Қазақстандағы ғана емес, жер жаһандағы жағдайды сараптасақ, сондай-ақ астықтың әлемдік нарықтағы бағасының құбылуы мен астықты саналатын елдердегі қуаңшылық бірқатар қауіп-қатерлерді арттыра түседі. Ал халықаралық нарықтағы жағдайға үңілсек, астыққа қатысты халықаралық кеңес өз болжамында 2012-2013-ші мониторингтік жылындағы бидайдың әлемдік өндірісін 665 млн. тоннаға азайтқан. Бұнда аталған кеңес ең алдымен АҚШ, ЕО, Австралия, Аргентина, Ресей, Украина елдеріндегі қуаңшылықты меңзейді. Осының нәтижесінде әлемдік нарықтағы астық құны тоннасы 315-349 долларға дейін көтерілген. Қазақстанның ішкі жағдайы да бұндай әсерден ада емес.

Ал осындай құбылмалы құбылыстан не күтеміз? Әлбетте, әлемдегі һәм ішкі нарықтағы жағдай ұн мен нанның бағасына әсер етуі мүмкін. Бұл ғана емес, қуаңшылық астықтан бөлек, мал азығы алқаптарының өнімділігін төмендетіп, соған қоса азық тапшылығы сезілуі ықтимал. Оның соңы мал басының азаюына әкеліп соғады. Сосын келер жылға себілетін тұқым тапшылыққа ұшыруы да ғажап емес. Ал осындай кері әсерлер елдегі кейбір шаруашылық субъектілерінің кәсібін шатқаяқтатып, қаржылық жағдайын нашарлатуы да мүмкін. Сондықтан да, осындай болуы мүмкін қатерлердің алдын алу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі жеті бағыттан тұратын шаралар кешенін әзірледі. Соларға қысқаша тоқталып өтсек.

Біріншіден, бұған дейін де Ауыл шаруашылығы министрлігі әлемдік астық нарығын саралай келе тамыздың 1-інен бастап мемлекет астық экспорттаушыларына көлік шығыны үшін берілетін субсидияны тоқтатуды көтерген болатын. Яғни, бұған дейін астықтың тоннасына 27 доллардан беріліп келген субсидия тыйылады. Екіншіден, тамыздың 1-іне дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі, облыс және Астана мен Алматы қалалары әкімдіктері, «ҚазАгро» және астық өңдеушілер одағы арасында мелькомбинаттарға 2012 жылғы тамыздың 1-інен 2013 жылғы тамыздың 1-і аралығына белгіленген бағамен тонна­сына 28 мың теңге сомасында 1,3 млн. тонна астық жеткізу туралы меморандум жасалады. Бұл нанды ысырапсыз пайда­лануға және бағаның тұрақты болуына мүмкіндік береді. Бұл ретте наубайхана­ларға жеткізілетін ұнның бағасы жеткізу мерзіміне байланысты келісі - 45 теңгеден, тиісінше бір бөлке нанның бөлшек саудаға жеткізу құны 43 теңгеден аспайды деп болжануда. Сондай-ақ мал азықтары да мал шаруашылығы кәсіпорындарына белгіленген мөлшерде жөнелтілетін бола­ды. Бұл малды қажетті азықпен қамта­масыз етуге септігін тигізеді.
Үшіншіден, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін несие мерзімі ұзар­тылмақ. Ол үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өтімді кепілдік ұсыну­лары тиіс. Сонда ғана «ҚазАгро» ұлттық холдингі республикалық бюджет қаржысынан берген бюджеттік несиенің мерзімін ұзартуды қарастыратын болады. Төртіншіден, Үкімет қорынан мал және құс шаруашылығын азықпен қамтамасыз ету үшін және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қолындағы ірі қараның аналық бастарын сақтап тұруға кететін шығындарды өтеу үшін 1,8 млрд. теңге бөлу қажеттігі туындап тұр. Әйтпесе мал және құс санының азайып кету қаупі бар. 2010 жылғы қуаңшылықта Үкімет азық-түлік корпорациясының астық ресурсынан 250 мың тонна бидай бөлгізіп, мал мен құстардың санын шашау шығармай сақтап қалған еді.

Бесіншіден, сақтандыру компания­лары­ның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне сақтандырылған егістіктері үшін сақтандыру төлемдерін төлеуден бас тартуына жол бермеудің амалдары қарастырылатын болады. Айта кетерлігі, көптеген сақтандыру компаниялары  диқанның басына «бұлт үйіріле бастағанда» жалт беретін болып алған. Ендігәрі  Үкімет осындай олқылықты болдырмайтын тетікті іске қосады. Алтыншыдан, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері келесі жылдың егістік науқаны үшін тұқыммен қамтамасыз етілмек. Бұл ретте жергілікті билік алдымен тауар өндірушілер мен қамбада жатқан тұқымдарды түгендеп, жеткіліксіз тұқым мөлшерін анықтайды. Сосын тұқым тапшылығын шешу жолдарын іздестіретін болады. Бұл бағытта арнайы субсидиялар да қарастырылуы мүмкін. Жетіншіден, құрғақшылықтан зардап шеккен аймақтарға жем-шөп әзірлеуге және бір жылдық шөптер мен астық қоспа­ларын себуге арзандатылған қосымша дизель отынын бөлу көзделеді. Айта кетерлігі, күзгі ору науқанына ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 410 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген болатын. Алайда, бұл жетпеуі мүмкін. Сондықтан қосымша қолдау шаралары қамтылатын болады.  

Жиын барысында нан бағасын бұғап ұстау мәселелері де сөз болды. Олай болмаса, қазірдің өзінде қалыптасқан жағдайдан пайда тапқысы келетіндер шапшаң әрекеттерге барып жатқаны да байқалды. Бұны болдырмау үшін Бәсекелестікті қорғау агент­тігінің төрағасы Ғабидолла Әбдірахымов нанның бағасына теріс әсер еткендер үшін айыппұлды жоғары етпек. Қазірдің өзінде, агенттік төр­аға­­сының айтуынша, нан мен ұнның бағасы Павлодар облысында, Оңтүстік Қазақстан пен Батыс Қазақстан облыстарында және Астана қаласында көтерілген. Оның ішінде Павлодар облысында - нанның бағасы, ал Батыс Қазақстан облысында ұнның бағасы күрт шарықтап шыға келген. Қазіргі уақыт­та Павлодар нан-тоқаш өнімдері ком­бинаты нанның бағасын не себепті 6 теңгеге бірақ қымбаттатып жібергені тексе­рілуде. Павлодар комбинатының өздері берген ақпаратқа сенсек, нан бағасының қымбаттауына негізгі шикізат көздерінің, жанар-жағармай бағасының және энергия көздерінің қымбаттауы себеп болған. Алайда осындай жағдайда жұмыс істеп отырған басқа наубайханалар нанның бағасын қымбаттатпаған. Зерттеу нәтиже­сінде бұл комбинаттың келтіріп отырған себептерінің ешқайсысы нанның қымбат­тауына негіз болмай шығыпты. «Осыларды ескере келіп, зерттеу жұмыстары аяқталған соң нан бағасын негізсіз көтергені үшін бұл компанияға айыппұл салу жөнінде істі сотқа береміз. Айыппұл көлемі бағаны қымбаттатқаннан бері компанияға түскен кірістің 10 пайызы көлемінде болады», - деді агенттік төрағасы Ғабидолла Рах­матол­лаұлы. Осы секілді бағаны негізсіз өсіріп отырған барлық компанияға айып­пұл салынбақ. Бәсекелестікті қорғау агенттігі нан бағасына ғана емес, жалпы жұрт жиі тұтынатын азық-түлік бағаларына да бақылау болатынын ескертті.

Үкімет отырысынан соң бірінші вице-премьер Серік Ахметов осы аптада қолайсыз ауа райынан зардап көріп отырған теріскейдегі бірқатар астықты өңірлерді аралап шықты. Диқандармен жүздесулер барысында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қатысты берілетін жәрдемдер мен қолдаулар жайы кеңінен талқыға түсті.   

Қазақ геологиясын дамытатын кез келді

Осы аптадағы Үкімет отырысында «2030 жылға дейінгі геология саласын дамыту тұжырымдамасы» мен «2020 жылға дейінгі Қазақстан Республикасын иннова­ция­лық дамыту тұжырымдамасы» қабыл­данды. Еске сала кетсек, бұған дейін Елбасы Н. Назарбаев еліміздің геология саласын сынға алып, жаңа кен орындарының осы күнге дейін ашылмай келе жатқанын айтқан болатын. Сосын кешенді шаралар қабылдап, арнайы тұжырымдаманың қажеттігін жүктеген еді. Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің айтуынша, кен сапасы бойынша Қазақстан бірқатар негізгі әлемдік кен өндірушілерден кейін тұр. Оның үстіне, еліміздегі қордың басым көпшілігі сапасы төмен саналады екен. Тіпті пайдалы қаз­баның 10 түрі бойынша (алмаз, қалайы, вольфрам, тантал, ниобий, никель, бор, магнезит, магнезиалды және калий тұзы) әлі күнге дейін кен орындары ашылмаған. Сондық­тан да осындай қорлардың көзін ашу үшін арнайы тұжырымдама қажет болғаны анық.  Ал геология саласын дамыту үшін негізгі міндеттер бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, біріншіден, геологиялық барлау жұмыстарын бағдар­ла­малы және мақсатты түрде жоспарлау­дың мемлекеттік жүйесін жетілдіру қажет.  Екіншіден, инновациялық технология­лар­ды енгізу үшін инвестициялық қызы­ғушылықты арттыру мақсатында нормативтік-құқықтық базаны және нор­ма­тив­тік-техникалық базаны жетілдірген ләзім. Үшінші - геология саласындағы инфрақұрылымдарды инновациялық техноло­гияларды әзірлеу және енгізу бөлігінде дамыту. Төртінші - геология саласында кадр жасақтау. Бесінші - әлемдегі жетекші геология­лық барлау, тау-кен өндіру және мұнай өндіру, сондай-ақ юниорлық компания­ларды тарту арқылы мемлекет пен жеке­меншік әріптестігі механизмін дамыту. 

Лондонда ХХХ Олимпиада ойындарының алауы тұтанады

Осы аптаның жұмасында бүкіл әлем көз тіккен ХХХ жазғы Олимпиада ойындары басталады. Тұманды Альбион елінің астанасы Лондон - тарихта үшінші мәрте Олимпиялық ойындарды қабылдап отырған бірінші қала. Бұған дейін екі рет жазғы олимпиада ойындарын 1908 және 1948 жылдары өткізген Лондонда Олимпиада алауы тағы бір мәрте тұтанады. Осынау шаһарға 27 шілде мен 12 тамыз аралығында әлемнің 205 мемлекетінен 10 мың 500 спортшы өзара сайысып, кіл жүйріктің жүйрігі, мықтының мықтысы, күштінің күштісі, үздіктің үздігі  анықталатын болады. Жаһандық дүбірлі додада әлемнің түкпір-түкпірінен келген спорт саңлақтары сайыстың 37 түрінен 302 жиынтық медальды өзара  сарапқа салады.

Айта кетейік, Олипиада ойындарына қатысу үшін қазақстандық спортшылар 25 спорт түрі бойынша 116 лицензияға қол жеткізді. Біздің ұлттық құраманың байрақ көтерушісі әрі қазақстандық құраманың басты үміті - Нұрмұхан Тінәлиев. Әлемдік спорт тарихындағы аса ірі оқиға - Олимпиаданың ашылу салтанатынан тікелей эфирді ел көрермендері Астана уақыты бойынша 27 шілде күні түнгі сағат 2.00-де тамашалай алады. Ал 2012 жылғы Олимпиада ойындарын ел аумағында көрсету құқығына «Хабар» және «Ел Арна» телеарналары ие.

Соңғы жаңалықтар