АПТАЛЫҚ ШОЛУ: Олимпиаданың алғашқы үш «алтыны» Қазақ елінің атын әлем жұртшылығына таныта түсті

Десек те, алғашқы күнде-ақ қоржынымызға Олимпиада «алтыны» түсті. 28 шілде күні велоспорттан тас жолдағы ерлер арасындағы жарыста Александр Винокуров алдына жан салмай мәре сызығын бірінші болып кесті. Айта кетерлігі, мәреге сегіз шақырымнан аз қашықтық қалғанда көшбасшы топта екінші келе жатқан А.Винокуровтың алдындағы шабандоз шұғыл бұрылыста рөлге ие бола алмай құлаған болатын. Міне осы кезде өкшелеп келе жатқан біздің спортшы да оған соқтығыспау үшін жылдамдықты азайтып, көш бастап келе жатқан топтан көп кейін қалуға мәжбүр болды. Дегенмен, бар күшін жұмсаған А.Винокуров мәреге бес шақырым қалғанда топты қуып жетіп қана қоймай, суырылып алға шықты. Осылайша, 250 шақырымдық жарыс жолының соңғы сәттерінде алдына жан салмаған ол, Лондон Олимпиадасында Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынына алғашқы «алтынды» салды.
Халықаралық ауыр атлетика федерациясы жария еткен әлемдік рейтингте 53 келі салмақ санатында көш бастап тұрған зілтеміршіміз Зүлфия Чиншанлоға Лондон Олимпидасында зор сенім артқан болатынбыз. Ол сол сенім үддесінен шықты. Зүлфия жарыстың алғашқы жаттығуы жұлқа көтеру сайысында 95 келіні бағындырып, үшінші орынға тұрақтаған болатын. Дегенмен, серпе көтеру сайысының екінші тапсырысында 131 келі көтеріп, әлем рекордын жаңартумен қатар, Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алды. Ол екі сайыстың қорытындысы бойынша 226 келіні бағындырды.
Үшінші «алтын» да ауыр атлеттеріміздің еншісінде. 63 келі салмақ санатындағы әйелдер арасындағы жарыста Майя Манеза жұлқа көтеру сайысында 110 келілік зілтемірді бағындырып, екінші орынға тұрақтады. Ал серпе көтеруде біздің зілтемірші 135 келіні еркін көтерді. Қорытынды ұпай - 245. Осылайша ол Олимпиада рекордын жаңартты.
Бұл спорт түрінен спортшыларымыз арасынан тағы да екі Олмпиада чемпионы шығады деп үміт артып отырмыз. Олар - Илья Ильин мен Светлана Падобедова. 75 келі салмақ санатында жарыс жолына шығатын Свлетана бүгін, 94 келіде Илья ертең өнер көрсетеді.
Олимпида жүлдегерлері шығады-ау деп үміт артқан спорт түрінің бірі дзюдо болатын. Өкінішке орай осы спорт түрінен еліміздің намысын Тұманды Альбионда қорғауға аттанған ерлер құрамасы сапында 9 татами шеберінің бірде-бірі тіпті 1/8 финалға да шыға алмады. Әсіресе, әлемдік және олимпиадалық рейтингте бірінші орында тұрған Максим Раковтың әзербайжандық татами шеберінен ұтылуы өкінішті-ақ болды. 78 келіден жоғары салмақ санатында белдескен Гүлжан Исанова да жұбаныш белдесуінде бразилиялық Мария Суелен Алтеманға есе жіберді. Осылайша, зор сенім артылған дзюдошылар жерге қаратты. Енді, Олимпиада ойындарынан кейін еліміздің Дзюдо федерациясы жіберген қателіктерін түзетіп, келесі байрақты бәсекелерге татами шеберлерін әзірлеуде осы жолғыдай олқылықтарға жол бермеуге баса назар аударуы тиісті шығар.
Жоғарыда атап өткеніміздей, үміт артып отырған саңлақтарымыз алдағы күндері жарыс көрігін қыздыратын болады. Зор үміт артып отырған спортшыларымыздың бірі үш секіріп қарғушы - Ольга Рыпакова. Ол бүгін іріктеу сынында 14,79 метрге қарғып, көш бастап тұр. Ал осы спорт түрінен Олимпиада алтыны 5 тамыз күні сарапқа салынады.
Сондай-ақ боксшыларымызға да сенім артылуда. Қазіргі уақытта 2 оғланымыз жарыс жолынан шығып қалса, Біржан Жақыпов, Ілияс Сүлейменов, Ғани Жайлауов, Данияр Елеусінов, Серік Сәпиев, Әділбек Ниязымбетов, Иван Дычколар шаршы алаңдағы жекпе-жектерін жалғасырады. Олардың қай-қайсысы да олимпиада жүлдегері атануға лайық. Боксшы қыздарымыз Саида Хасенова мен Марина Вольнова да жүлделі орындардан көрінетіндігіне сенім бар. Грек-рим, еркін күрес шеберлерінен де күтеріміз мол.
Айтпақшы, Олимпиада ойындары алдында Қазақстан құрамасы үш медаль алмаса қызметінен кетуге дайын екендігін ашық айтқан ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияевтің көңілі орнына түскен шығар. Агенттік басшысының жалпы есепте енді 5 «алтын» аламыз деп құлшынып отырғандығы олимпиадашыларымыздың алғашқы күндердегі табыстарына көңілі толғандығынан әрі күпті көңілі орнына түскендіктен және де ендігі уақытта жарыс жолына шығатын спортшыларымызға зор сенім артып отырғандығынан болар.
Нан бағасы тұрақты болады
Соңғы уақытта әлемдік нарықтағы астықтың бағасы қарқынды өсіп келеді. Мәселен, өткен аптада ғана тоннасы 297,7 долларды құраған төртінші сұрыпты астық бағасы Чикаго биржасында күні кеше ғана 333,7 долларға дейін шарықтап шыға келді. Жалпы, әлемнің барлық елдерінде астықтың бағасы көтерілуде. Оған негізгі астық өндіруші елдерде құрғақшылық салдарынан егістік алқаптарының біраз бөлігінің күйіп кетуі себеп болуда. Бидайдың 2012-2013 жылғы әлемдік түсім болжамы да АҚШ, ЕО, Австралия, Аргентина, Ресей, Украина секілді астық экспортында басымдыққа ие елдерде орын алған табиғи құрғақшылық салдарына орай төмен болжанған. Ал Германия мен Францияда үздіксіз жауған жаңбыр астықты шірітіп жіберу қаупі басым. Міне осындай факторлардың салдарынан соңғы уақытта әлемдік нарықтағы бидай бағасы күрт артып кетіп еді. Ал Қазақстанның ішкі нарығындағы астық бағасы жыл басынан бері шамамен 15 мың теңгеге дейін көтеріліп, 35 мың теңгені құраған болатын.
Өткен аптадағы Үкімет отырысында ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Ғабидулла Әбдрахимов Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында, сонымен қатар Астана қаласында ұн мен нан бағасының көтерілуі тіркелгендігін мәлім еткен болатын әрі негізсіз баға көтерген кәсіпкерлердің «жегендерін желкесінен шығаруға» да уәде берген-ді. Жалпы, елімізде астық бағасының көтерілуін туындататындай еш ахуал жоқ. Өйткені еліміздің астықты өңірлерінде нан бағасын тұрақтандыруға, қазіргі деңгейде ұстап тұруға жеткілікті астық бар. Ал астық жетіспейтін елдерді арзан бағалы бидай мен қамтамасыз ету үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі, «ҚазАгро» холдингі, Ұн тартушылар одағы мен облыс әкімдіктері арасында нан бағасы мен 1-сұрыпты ұн бағасын тұрақтандыру жөніндегі шаралар туралы, сондай-ақ өңірлердегі мал басы санының кеміп кетуіне жол бермеу туралы меморандумға қол қойылған еді. Аталған құжатты жүзеге асыру аясында республиканың Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары әкмдіктері тарапынан арзандатылған астықты сатып алуға қатысты өтініштер келіп түскен. Осыған орай «ҚазАгро» холдингі өзінің еншілес кәсіпорны «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ арқылы оңтүстікқазақстандық ұн тартушылар үшін арзандатылған астықтың алғашқы партиясын, 8000 тонна бидайды тиеп жөнелтті. Осылайша, ішкі нарықта бағаның құбылуын болдырмау мақсатында жоғарыдағы меморандум жасалды. Оған сәйкес, «ҚазАгро» холдингі Азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы 1,3 млн. тонна арзандатылған астық бөлетін болады. Астық жергілікті атқарушы органдар анықтаған ұн өндіруші ұйымдарға бекітілген 28 мың теңге шекті бағамен сатылады. Сонымен қатар меморандум шартына сәйкес 2013 жылдың 1 тамызына дейін «Азық-түлік корпорациясы» белгіленген кесте бойынша ай сайын павлодар облысына тоннасын 28 мың теңгеден 4850 тонна астық жөнелтіп отыратын болады. бұл аталған өңір халқын бағасы арзан бөлке нанмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ өңірдің ұн тартатын кәсіпорындары ай сайысын 1212 тонна жемді мал иелеріне тоннасын 15 мың теңгеден сатады.
ҰБТ дауына соңғы нүкте қойылды
Ағымдағы жылы елордадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің базасында Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға келген түлектерді шешіндіріп тексеру дерегі қоғамда біраз әңгіме болған еді. Астана қалалық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары барлық кінәні университет басшылығына аударса, білім ошағының да қызметкерлері оның уәжін бұқаралық ақпарат құралдарының бетінде жоққа шығарған болатын. Қалай десек те күні кеше сол әңгімеге соңғы нүкте қойылды. ҚР Білім және ғылым министрлігі таратқан ақпаратқа қарағанда, ведомствоның 10 қызметкері, ҰБТ тапсыру барысында келеңсіздіктерге жол бергені үшін жазаға тартылды. Министрлік сонымен қатар еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуді ұйымдастыру барысында шынайы көмек көрсеткендігін атап өтіпті.
Қалай десекте, Ұлттық бірыңғай тестілеудің ың-шыңсыз өткен күні жоқ. Алдағы уақыт мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін тестілеудің естілеу амалын қарастырған жөн сияқты. Оған жауапты министрлік те кіріскен сияқты. Алдағы таяу уақытта елімізде тестке қатысты қолданысқа енгізілетін деректерге тоқталған ҚР Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков: «Білімді дамытудың жоспарына сәйкес 2013 жылы ұлттық бірыңғай тестілеуді екі кезеңге бөлу, яғни оқушыларды қорытынды аттестаттау және жоғары оқу орнына түсу үшін емтихан тапсыру эксперименті жоспарлануда. Ал, 2015 жылға қарай ҰБТ-ны екі кезеңдік логикалық сипаттағы тестілеуді пайдалану мен компьютерлік тестілеуге ауыстыру жоспарланып отыр», - деген еді.