Әр адам өз денсаулығын сақтауға баса назар аударуы тиіс - маман пікірі

ОРАЛ. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елбасы биылғы Жолдауында денсаулық сақтау саласындағы маңызды мақсат-міндеттерге де тоқталып, ең алдымен әр азаматтың өз денсаулығына жауапты болуы керектігін, өз еркімен салауатты өмір сүру қағидаларын ұстануы қажеттігін атап көрсетті.
None
None

Мемлекеттің халық денсаулығын қорғаудағы басты мақсатының бірі де осы. Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Мәншүк Аймұрзиева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласының қызметін жақсарту мақсатында денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында медициналық мекемелерді қайта салу, күрделі жөндеуден өткізу, оларды заманауи жаңа жабдықтармен жарақтандыру, мамандарды даярлау мен қайта даярлау, тәжірибеге жаңа технологиялар енгізу бағытында нақты жұмыстар атқарылды. Енді бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізуге байланысты кешенді шаралар қолға алынуда.

Жалпы, облыс бойынша медициналық-демографиялық жағдай жақсарып, әлеуметтік мәні бар аурулардың көрсеткіші төмендеді. Туу көрсеткіші тұрақталды, ал өлім-жітім көрсеткіші төмендеп, табиғи өсім 2008 жылмен салыстырғанда 7,3 пайызға өсті.

Аурудың қиын жағдайларын дер кезінде анықтау, науқасқа көмек көрсету үшін күн сайын жүргізілген мониторингтің нәтижесінде 100 мың тірі туылған сәбиге есептегенде ана өлімі 43,7-ден 24,3-ке, ал сәби өлімі 18,3-тен 14,7-ге азайды. 15-49 жас арасында ЖҚТБ инфекциясының таралуы 0,1 пайыз деңгейінде тұрақталып, жағдай жақсарып келеді.

Балалардың туберкулез дертін жұқтыруы 12, ал жасөспірімдер сырқаттанушылығы 4 пайызға төмендеді. Өткен жылдарға қарағанда туберкулезбен сырқаттану 26, ал өлім 28,9 пайызға кеміді. Бірақ туберкулезбен күресті еш босаңсытуға болмайды.

Жүрек-қан тамыры жүйесінің ауруларын ерте анықтау және осы аурулардан болатын өлімді азайту шаралары қолға алынды. Кардиологиялық науқастарға жоғары технологиялық көмек көрсетудің түрлері енгізілді.

Облыс бойынша 2009 жылы АҚТҚ жұқпасының 37 жаңа жағдайы тіркелді. Аурудың 15-49 жас аралығында таралу көрсеткіші 0,01 пайызды құрады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ағымдағы жағдайды талдай келе, Елбасы Жолдауына сәйкес оң көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында 2010 жылды облыс бойынша "Отбасы жылы" деп жариялап, басым бағыттарды белгіледі. Атап айтқанда, медициналық қызмет көрсету процесі технологиясының сапасын бақылау, орта медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және оларды салауатты өмір салтын насихаттау технологиясына оқыту, отбасына медициналық көмек көрсету сапасын көтеру, соның ішінде жүкті әйелдер мен балалар патронажы мәселесіне аса көңіл бөлу. Осыған байланысты наурыздың 10-ынан бастап Батыс Қазақстан медицина колледжі студенттерінің қатысуымен тұрғындарды санитарлық ағарту мақсатында ақпараттық білім материалдарымен жарақтана отырып, отбасыларды аралау айлығы өткізілуде.

«БМСК (бастапқы медициналық-санитарлық көмек) деңгейінде кезек күттірмейтін көмекті жетілдіру, тұрғындарды медициналық қызметтің жоғары технологиялық және арнайы түрлерімен қамту, кардиологиялық және кардиохирургиялық көмекті, көз микрохирургиясын, оперативті гинекологияны, балалар хирургиясын дамыту, сондай-ақ ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы әрбір пациент туралы ақпараттық база құру да ұдайы назарда. Бұл дәрігерді де, науқасты да қағазбастылықтан құтқарады. Ең бастысы, әркім өз денсаулығына мықтап көңіл бөліп, бұған отбасын, өскелең ұрпақты дағдыландыра білуі қажет», дейді маман.

Соңғы жаңалықтар