Арал деңгейін арттыру үшін ОА елдері ең алдымен, суды тиімді пайдалану технологиясын енгізуі шарт

АСТАНА. 16 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Қазақстанның төрағалығымен Орталық Азияның орнықты дамуы жөніндегі мемлекетаралық комиссияның отырысы өтіп жатыр.
None
None

Бұл жиынға Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан делегациялары қатысуда.

«Жасыл көпір» «РИО+20» өңіраралық серіктестік бағдарламасын дайындау бойынша жұмыс тобының жетекшісі Болат Есекиннің айтуынша, әлемде бұл бағытта экологиялық және БҰҰ бағдарламалары аясында атқаралып жатқан жұмыстарға қарамастан, қоршаған ортаның нашарлауы бұрынғыдай жалғасып келеді. Яғни, қалдықтардың көлемінің артуымен қатар, судың жетіспеушілігі де орын алуда. «Қабылданып жатқан шаралар, яғни саяси, заңнамалық күш-жігер, сондай-ақ инвестициялар мен жобалар әзірге жеткіліксіз болып тұр. Сондықтан біз осы мемлекетаралық комиссияда енді тағы қажетті қосымша шаралар мен тетіктер ескерілетін болады»,-деді ол.

Осы орайда Б. Есекин Қазақстан енгізген үлестің бірі «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасына қатысты екенін атап өтті.

Арал мәселесіне тоқталған ол, «20 жыл қолданып келген қадамдар аясында, қажетті су көлемі Арал теңізіне құйылуы тиіс еді. Алайда, тиісті деңгейде су теңізге жіберілген жоқ, себебі Орталық Азиядағы халық саны  соңғы 20 жылда 2 есеге өсті. Демек, халыққа қажетті азық-түлік көлемі жыл сайын артып, өзеннің жоғары ағысындағы  елдер суды көптеп пайдалануда»,-деді.

Б. Есекиннің пайымдауынша, енді «Жасыл көпір», «Жасыл экономика» бағдарламасы арқасында жаңа технологиялар енгізіліп, егіс алқаптарында суды тиімді пайдаланудың тетіктері пайдаланылса, Арал мәселесін шешудің қарқыны арта түспек.

 

Соңғы жаңалықтар