Арал өңірі германиялық әріптестер назарында

ҚЫЗЫЛОРДА. Мамырдың 5-сі. Қаз Ақпарат /Руслан Игілік/ - Кеше Қызылорда қаласындағы «NOMAD PALACE» қонақүйінде «Арал өңірінің экологиялық және экономикалық ахуалын дамыту» бағдарламасына арналған семинар-кеңес болып өтті.
None
None

Семинар-кеңеске облыс әкімінің орынбасары Рзақұл Нұртаев пен бағдарламаны үйлестіруші өкілдер және облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары қатысты.

Жиында бағдарламаны үйлестіруші өкіл Беньямин Мор өз тараптарынан қолға алынатын істерді баяндап берді. Оның мәлімдеуінше, Арал өңірінің экологиялық ахуалы мен экономикалық даму деңгейін арттыру мақсатында Германия тарапынан қаржылай қолдау көрсетіледі. Соның ішінде мал, егін, балық шаруашылығын өркендету ісіне айқын басымдық беріледі.

Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Р.Нұртаев осы уақыт аралығына дейін Арал өңірі аймағында атқарылған істерді атап өтті.

- Мемлекет басшысының бастамасымен САРАТС жобасы әзірленіп, ол бойынша дәйекті жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Яғни, жобаның бірінші кезеңінде бірнеше тоспалар салынып, егін шаруашылығы мен балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік жасалды. Бүгін сіздер де бұл ортақ мақсатты одан әрі өрге бастыруға мүдделілік танытып отырсыздар, - деді ол жиналғандарға жылы лебізін білдіріп.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Р.Нұртаев пен бағдарламаны үйлестіруші топ өкілдері келісімшартқа қол қойды.

Соңғы жаңалықтар