Аралас жекпе-жектен «Дала батырлары» Халықаралық турниріне қатысушылардың таразыға өлшену рәсімі өтті

Бұл турнирде тұңғыш рет «Alash Pride FC» нұсқасы бойынша үш салмақ категориясында Әлем чемпионы атағы үшін үш белбеу сарапқа салынады.
«Аралас жекпе-жек бойынша талай жарыстарда топ жарып жүрген сайыпқырандарымыз Қуат Хамитов (лақап аты «Найман»), Қайрат Ахметов (лақап аты «Қазақ») және Махир Мамедов (лақап аты «Құрыш аяқ») өз салмақ категорияларында «Alash Pride FC» нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы үшін үш белбеуді сарапқа салады.
Олардың қарсыластары есімдері жалпақ жұртқа танымал, өз елдерінде рейтинг бойынша алғашқа бестікке еніп жүрген, бірқатар жекпе-жек түрлері бойынша әлем чемпионы атанған мықты спортшылар: Тиагог Луиз «Нигао» До Насчименто (Бразилия), Салах (лақап аты «Алжирлік»), Элкас (Франция) және соңғысы Махир Мамедовтың қарсыласы - Валериус «ВМ» Миколаускас (Латвия). Бұл турнирді «Дала батырлары» деп атадық. Өйткені, сайыскерлеріміз жауынгер ата-бабаларымыздың бүгінгі ізбасарлары, бейбіт күннің батырлары», - деді өз сөзінде «Alash Pride KZ» кәсіби жекпе-жек клубының президенті Данияр Қасқарауов.
Сонымен қатар, «Дала батырлары» Халықаралық турнирінде Ержан Естанов (лақап аты «Арлан») пен дағыстандық Расул (лақап аты «Қара жолбарыс») Мырзаев арасында көптен күткен қарымта кездесу өтеді.
Ал турнирдің басты кездесуі, яғни Супер кездесу қазақстандық Әділ Боранбаев (лақап аты «Боран») пен ресейлік Венер Галиев (лақап аты «Башқұрт») арасында болады».
Турнирде барлығы 12 жұп сайысқа шығады.
Айта кетелік, 23 қараша күні Алматы қаласында «Алматы Тауэрс» көпсалалы кешенінде кешкі сағат 19:00-де басталатын турнирден «Хабар», «KAZsport», «Алматы» және ресейлік «Боец» телеарналары және тұңғыш рет YouTube интернет-сервисі тікелей трансляция жүргізеді.