Аралда 50 теңгеге ерегіскен таксиші жолаушы әйелді қорламақшы болған - Қызылорда облысы
Оқиға былай басталған. Аралда тұратын 1987 жылғы азаматша базардан шығып, таксиге отырады. Таксишімен әуелі 50 теңгеге келіскен. Жүргізуші жігіт жолаушының үйіне жақындағанда жолақы 100 теңге болатынын айтқан. Бұған келіспеген соң екеуінің арасында егес туады. Келісе алмаған соң жүргізуші: «Мінген жеріңе апарып тастаймын», - деп кері бұрылып ала жөнеледі.
Жәбірленушінің айтуынша, жүргізуші жолда келе жатып: «Сені қала сыртына апарып, білгенімді істеймін, 100 теңгені желкеңнен шығарамын», - деп қорқытқан көрінеді. Бұдан қорыққан әйел жүріп келе жатқан көліктен сол сәтте секіріп түскен. Абырой болғанда, жәбірленуші тірі қалды, бірақ жаралы. Алған жарақаты салдарынан ол ауруханаға жатқызылды.
Ал жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен. Жәбірленуші оның көлік нөмерін де көрмеген, аты-жөнін де білмейді. Күдіктіні полицейлер жан-жақты іздестіруде.