Арбаға таңылған Ақнұр атымтай жомарт жандарды ән кешіне шақырады
Оның арманы орындалар сәт те жақындады. Өз өнерін ортаға салып әуелетіп ән айтатын күн де белгіленді. Сәуір айының 25-сі күні Жаңақорған ауданының орталығындағы «Ордакент» ардагерлер және жастар ресурстық орталығына атымтай жомарт ағаларымызбен қамқор замандастарын шақырады. Құттықожа ауылының тұрғыны қайсар қыз Ақнұр Сматова бірінші топ мүгедегі болғанмен, өзінің жігерлігі арқасында өмірге деген құлшынысынан бір танған емес. Кальций жетіспеушілігіне байланысты аяғынан тік тұра алмай, қол арбаға таңылғанына ұзақ жылдар өтті. Аяғына салмақ салса болғаны шытырлап сына береді.
Ақнұрдың қиындыққа төзіп, өмір өзеннің ағысына қарсы өршелене құлаш ұрып күресіп келе жатқанына жиырма бес жылға жуықтады. Алайда, жазмышқа қасқая қараған қайсар қыздың көкірегін тепкілеп, дегбірін алған шумақтар мен ән ырғақтары оған күндіз де, түнде де маза бермейтін көрінеді.