Ардагерлер «Мәскеу-Астана» телекөпірі арқылы тілдесті
деп хабарлады ҚазАқпарат.
Ардагерлер телекөпір кезінде қарулас достарын еске алып, майдандағы естеліктерін әңгімеге қосып, сол сұрапыл жылдардағы қиын сәттерді сөз етіп жатты. Соғыс кезінде иықтас, бір полкта жүріп ел қорғаған жолдастарына сәлемдерін жолдап, сағыныштарын тарқатып та алды.
Қазақстан жерінде туып-өсіп, 17 жасында соғысқа аттанған Борис Смирнов, барлық майданнан өтіп, шығыс Пруссия шайқасына дейін жеткен. Соғыстан кейін Мәскеу қаласында қалған ол - Қазақстан жеріне деген сағыныштарын, іштегі жылы сезімдерін ақтарып салды. «Қазақстан атты әдемі елдің ардагерлері, құрметті жолдастар! Сіздерге мықты денсаулық тілей отырып, елімізге аянбай еңбек етуіміз үшін тағы ұзақ жасайық», деді Б. Смирнов.
Телекөпір арқылы эфирге шыққан Ресей Ардагерлері одағы төрағасының кеңесшісі Алексей Абрамов Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған Мәскеудегі шеруге ТМД елдерінен барлығы 800-ге тарта ардагер қатыспақ. Еске сала кетейік, біздің елімізден Мәскеуге 32 майдангер барады.
Қазақстан мен Ресей елордаларының арасында өткен телекөпірден соң, «ҚазМұнайГаз» және «Kazenergy» компаниялары қарт жауынгерлерді арнайы қонақасына шақырып, әскери концерт ұйымдастырды.
«ҚазМұнайГаз» ардагерлермен болатын дәстүрлі кездесуді жылдағысынан ерекше етіп, алғаш рет «Астана-Мәскеу» арасында «Қазақстандық және ресейлік ардагерлердің 65 жылдан кейінгі кездесуі» атты телекөпір ұйымдастырып отыр. Телекөпірдің www.nur.kz/victory65 сайтында, on-line форматында өткен көрсетілімі Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің қолдауымен жасалды.