Археологтар Торғайда көне солярлық кешеннің жойылғаны туралы хабарлады

АСТАНА-ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының оңтүстігіндегі Амантоғай кентінен Торғайға бастайтын жолды қайта жаңарту күллі адамзаттың мәдени мұрасына жатқызуға болатын археологиялық нысанның - солярлық (күн белгісі) кешеннің толықтай жойылуына соқтырды. Әңгіме Қоғай кресті жайында болып отыр, археологтардың бағалауынша, оның жасы шамамен 7 мың жыл.
None
None

Геоглифтер - жер бетіндегі геометриялық және фигуралық өрнектер, тастар мен үйінділерден жасалған.

Торғай геоглифтері, оның ішінде Қоғай кресті бар, бірнеше бөлшектен тұратын крест, дөңгелек, жолақ пішіндес.

Торғай геоглифтері өткен жылы Стамбұлдағы Археологтардың Еуропалық қауымдастығы форумында басты сенсация болды.

Өткен жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінің редакциясына геоглифті алғаш ашушы қостанайлық ғалым, зерттеуші-өлкетанушы Дмитрий Дей және А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің археологиялық зертхана басшысы Андрей Логвин оның жойылу қаупі жайында айтып келген.

Жуырда ғалымдар «ҚазАқпаратқа» бұл геоглифті сақтап қалу қолдарынан келмегенін айтты. «ҚазАқпарат» мән-жайды білу үшін Қостанай облыстық әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жүгінді.

«2014 жылы мамыр айында облыстық мәдениет басқармасы бұл учаскеде тарихи нысан ретінде анықталғандықтан бізбен байланысқа шықты. 2013 жылы жобаны құрастыру кезінде, барлық басқармалармен, соның ішінде мәдениет басқармасымен де келісілген. Ол кезде бұл нысан анықталмаған, ол туралы 2014 жылы белгілі болды. Сол кезден бастап бұл учаскеде барлық жұмыстар тоқтатылды, крест бар жерде жұмыстар қазір де жүргізіліп жатқан жоқ», - деді Қостанай облыстық әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының техникалық бақылау бөлімінің өкілі Юрий Григоренко.

Археологиялық нысан жолды қалпына келтіру жұмыстарымен байланысты жойылғанын Ю.Григоренко жоққа шығарып отыр.

Алайда, биыл нысанда болған археолог А.Логвин айтқандай, геоглиф жойылған, одан қалғанының еш құндылығы жоқ.

«Өткен ғасырда жолды салып жатқанда екі орталық қорғанды зақымдаған. Қазір Кресттің 30 пайызы қалды», - деді Қостанай мемлекеттік университетінің археологиялық зертхана басшысы Андрей Логвин.

Ол геоглифті қалпына келтіру мүмкін емес екенін айтты.

ҚазАқпарат тарихи нысанды заңды түрде ресімдеу қалай жүргізіліп жатқанын білу үшін Қостанай облыстық мәдениет басқармасының заңгері Анна Дидуспен хабарласты.

«Облыстық әкімдіктің қаулысымен тарихи ескерткіш ретінде мойындау үшін бұл қорғандарды мемлекеттік тізімге енгізу керек. Қазір қаулы құрастырылып, әділет департаментіне жолданды. Нысанды тізімге енгізгенде ол ескерткіш болып есептеліп, бұл жерде ешқандай жұмыс жүргізуге болмайды», - деді заңгер.

Бұл мәселе жөнінде көбірек ақпарат алу үшін «ҚазАқпарат» ХАА Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан жолды жөндеу жұмыстарына кіріскенге дейінгі және одан кейінгі фото және видео материалдарды сұрады. Материалдар әлі алынбады.

Алайда, Дмитрий Дейбің пікірінше, қарапайым сурет шынайы жағдайды дөп басып көрсете алмайды. Анық көру үшін аэротүсірілім қажет. Дейдің оны ашқанынан 8 жыл өтсе де, Торғай геоглифінің аэро түсірілімімен ешкім айналысқан емес.

Қоғай кресті әрқайсысының диаметрі 10 метр болатын үйіндіден тұрады. Жаңалық ашушының пікірінше, бұл нысандар Күн ғұрпымен байланысты. Бастапқыда практикалық маңызы болды - адамдарға күн күнтізбесі қызметін атқарды, сосын діни нысанға айналған. Бәлкім, бұл жердегі алғашқы күнтізбе, алғашқы діни ғұрып болуы ықтимал.

ТОРҒАЙ ГЕОГЛИФТЕРІ МӘСЕЛЕСІНІҢ ТАРИХЫ

Алғаш рет геоглифтерді 2007 жылы Google Earth ғарыш түсірілімінің көмегімен Дмитрий Дей ашқан. Сол жылы ондаған геометриялық фигуралар табылды, олардың ішінде Үштоғай квадраты, торғайлық ескіше діни белгі, Екідін кресті, Ащытасты кресті, квадрат, сақина және екі желі нысан төбе табылды. Бүгінде 50-ден астам нысан ашылды. Олардың барлығы бір жерде орналасқан. Мұндай қазына Қазақстанның басқа жерінде де, бүкіл әлемде де жоқ.

Қостанай археологтарымен бірігіп Дмитрий Дей торғайлық нысандарға ондаған экспедиция жүргізді. Оның бірі 2010 жылы ҚазАқпарат журналисінің, «Қазақстан» телеарнасының операторы мен редакторының қатысуымен ұйымдастырылды.

2013 жылы жазда Торғай нысандарын көруге Оксфордтан (Ұлыбританиядан) ғалым Мотузайте Гиедре келді. Олар геоглифтің уақытын анықтау үшін жақсы сақталған үйіндіден сынама алды. Ағылшын ғалымдары ең «жас» торғайлық геоглифтер біздің дәуірімізге дейін бірінші ғасыр мен біздің дәуірдің бірінші ғасыры арасында салынған деген тұжырым жасады, яғни олардың 2,5 мың жылдық тарихы бар. Әрі Торғайдағы жерден мүлдем көрінбейтін, ғарыштан ғана көзге түсетін ежелгі геоглифтер 7 мың және одан бұрынырақ жылдары салынған болуы мүмкін.

Айтқандай, «жас» геоглифтерді мінсіз деп айтуға келмейді - крест қисықтау. Дмитрий Дей осыншалықты ежелгі нысандардың практикалық мәні бар, ол күн күнтізбесімен өлшеу немесе есептеу аспабы болған деп санайды әрі алғашқы өркениет, алғашқы дін Торғай топырағында - осы жерде пайда болған деп есептейді. Кей білімдердің жоғалуына байланысты геоглифтерді адамдар күнтізбе ретінде қолдануды тоқтатқан. Тек оның діни мәнін ғана сақтаған, оларды тек шіркеу, мінәжат орындары ретінда салуды жалғастырған. Осыларды ескеріп, Дей алғашқы өркениет, алғашқы дін осы Торғай өңірінде пайда болған деп тұжырымдауға болатынын айтады. Егжей-тегжейлі зерттеу кейіннен жарыққа шығатын Дейдің ғылыми еңбегінде жасалмақ.

Торғай геоглифі британдықтармен бірлескен жұмыс нәтижесінде 2014 жылы Стамбуллда Еуропалық археологтар қауымдастығы форумында әлемдік ғылыми ортаға сәтті таныстырылды.

Ғалымдар атап өткендей, Торғай геоглифтері әлемдік сенсация тудыруға қауқарлы - тек заманауи жабдықтар көмегімен оны тереңнен зерттеуді қолға алу қажет. Бұл Қазақстан имиджіне, елдің туристік әлеуетінің дамуына оң ықпал етері сөзсіз.

Ежелгі нысан зерттеуі неліктен ЮНЕСКО дүниежүзілік мұра тізіміне енуге лайықты? Бұл сұраққа Дей: Бұл геоглифтерге экспедицияның басым бөлігі ғалымдардың жеке қаражатымен жүргізіледі, - деп қинала жауап қатты. Мысалы, алғашқы экспедицияға ол өз қаражатын жұмсаған.

Депутаттарға жүгіндік, мысалы Қостанай облысы мәжілісінің депутаты Бағила Баймағамбетова 2010 жылы Торғай топырағын кешенді зерттеу қажеттілігі туралы депутаттық сауал жолдады. Оларға жауапта бұл мәселені жобалау ұсынысын берген жағдайда министрліктің 2012-2014 жылдар бюджетіне енгізуге болады, алайда «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында активтер сатып алу (ғылыми база, зертхана, жабдық және т.б. қалыптастыру) қаржыландырылмайды делінген.

Мемлекеттік қаржыландыру жетіспегендіктен, басқа да шенеуніктерге, бизнесмендерге жүгінуге тура келді, алайда олар қызығушылық танытпады. Тиісінше, торғай нысандарын ЮНЕСКО тізіміне енгізу ұсынысы да жоқ.

Демек, қазақстандықтар өздерінің нағыз қазынасын, құндылығын жоғалтып, ол жайлы білмей кетуі де мүмкін.

Соңғы жаңалықтар