Арменияда ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің «Мызғымас бауырластық-2015» бірлескен оқу-жаттығулары өтеді

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - 2015 жылғы 30 қыркүйек мен 4 қазан аралығында Армения Республикасының «Баграмян» полигонында Ұжымдық Қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымына мүше елдер бітімгершілік күштерінің «Мызғымас бауырластық - 2015» бірлескен оқу-жаттығуларын өткізу жоспарланып отыр. Аталған шара Қорғаныс министрлері кеңесі және ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңестері комитетінің 2014 жылдың желтоқсан айында қабылдаған шешіміне сәйкес өткізіледі.
None
None

Оқу-жаттығуларының тақырыбы: «Кавказ ұжымдық қауіпсіздік өңірінде ҰҚШҰ ұжымдық бітімгершілік күштерінің бейбітшілікті қолдау бойынша операцияларын даярлау және оларды жүргізу». Бұл туралы ҰҚШҰ-ның баспасөз хатшысы Владимир Зайнетдинов хабарлап отыр.

Оқу-жаттығуларға ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгершілік күштерінің (ҰҚШҰ ҰБК) құрамына кіріп отырған Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан елдерінің қарулы күштері, полициясының (милиция) өкілдері мен бөлімшелері, Халықаралық Қызыл Крест комитетінің, сондай-ақ ҰҚШҰ Бірлескен штабы және Хатшылығының өкілдері қатысады.

«Мызғымас бауырластық-2015» оқу-жаттығуларының негізгі мақсаты - бұған қатысып отырған ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ұжымдық контингенттерінің арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайту, барлық дәрежедегі командирлер мен штабтардың бітімгершілік операцияларды даярлау жұмысында және ҰҚШҰ ҰБК-нің бөлімдерін (бөлімшелерін) басқаруда бітімгершілік міндеттерді орындау барысында тәжірибелік шеберлігі мен дағдыларын арттыру, қақтығысты тоқтату және жою бойынша міндеттерді шешуде бірлесіп күш салу маңыздылығын түсіну.

Оқу-жаттығуларының бірінші кезеңінде ҰҚШҰ жарғылық органдарының бітімгерлішік операциясын жүргізу аймағында ҰҚШҰ ҰБК-ін қалыптастыру және өрістету ұсыныстарын даярлау мәселелері қаралады. ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімі мен бейбітшілікті қолдау операциясын жүргізу Мандаты тапсырылған соң тәжірибелік іс-қимылдарды жүргізу басшылығы ҰҚШҰ ҰБК-нің құрылған Бірлескен қолбасшылығына беріледі.

Тәжірибелік іс-қимылдардың барысында келіссөздерді жүргізу, гуманитарлық жүк тиелген лектерді алып жүру, бақылау-өткізу және бақылау орындарында патрульдеу және қызмет жүргізу, содырларды даярлайтын лагерьді оқшаулау және жою сияқты тәжірибелік іс-қимылдар пысықталады.

Осыған ұқсас оқу-жаттығулар 2014 жылдың тамыз айында Қырғыз Республикасының аумағында өткізілген.

Соңғы жаңалықтар