«Арселор Миттал Теміртау» компаниясы кәсіподақтың келісімінсіз жұмыскерлердің жалақысын қысқарта алмайды - ҚР ДСӘДМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы кәсіподақтың келісімінсіз жұмыскерлердің жалақысын қысқарта алмайды, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметінен.
None
None

ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес «Арселор Миттал Теміртау» акционерлік қоғамы ұжымдық келісімшарттарын өзгерте алмауының салдарынан кәсіподақтың келісімінсіз жұмыскерлер жалақысын 25%-ға төмендете алмайды. ҚР Еңбек кодексінің 126-бабына сәйкес жұмыскерлерді еңбекке ынталандыру және төлемақы жүйесі ұжымдық немесе еңбек келісімшартының, сондай-ақ жұмыс беруші актісінің негізінде белгіленеді. Жұмыс беруші мен жұмыскердің арасындағы жасалған еңбек шартында еңбек төлемақысының көлемі мен өзге де шарттар көрсетілуі тиіс (Кодекстің 28-бабы). Ұжымдық және еңбек келісімінің шарттары біржақты өзгертілмейді (Кодекстің 10-бабының 3-тармағы).

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мамандары «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-дағы жағдайды бақылауды ары қарай жалғастыруда және компания жұмыскерлері еңбек құқықтарының бұзылмауы үшін барлық қажетті шараларды қолданатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін «Арселор Миттал Теміртау» АҚ басшылығы ағымдағы жылғы 1 тамыздан бастап компания жұмысшыларының жалақысын 25%-ға төмендететіні жөнінде хабарлама жасаған болатын.

Соңғы жаңалықтар