«АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшысы жұмысшылар жалақысының 25%-ға қысқартылу себебін түсіндірді

Кәсіподақ басшыларымен келіссөздер дереу басталады. Бұндай шешім қабылдаудың себебін компания басшылығы ҚР үкіметі мүшелеріне жеке кездесу барысында түсіндірген болатын.
«Бұндай жаңалықтың хабаршысы болу мен үшін қиын соқты. Алайда барлық мүдделі тараптарымыздың және әсіресе, компания қызметкерлерінің барлығының келесі себептерді білгені жөн. Біріншіден, бұл шығынды төмендету. Бүгінгі таңда біздің бизнестің тап болып отырған көптеген проблемаларын ескере отырып, компанияның тұрақты болашағы үшін осы қадам ауадай қажет шара болып отыр. Екіншіден, біздің ойымызша, жұмыс орындарын қысқартуға қарағанда біздің барып отырған қадамымыз оңтайлырақ нұсқа болып табылады», - деді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Виджай Махадеван. Ол сондай-ақ жұмысшылар үшін бұл хабардың оңай тимейтіндігін түсінетінін айтты. «Мен оларға бұндай шешім қабылдауымыздың себептерін түсіндіріп хат жолдаған болатынмын. Ал қазір біз өз жұмысшыларымызбен көзбе-көз кездесулер жүргізу үстіндеміз. Бұндай кездесулер барысында әр жұмысшы бұл қадамның қажет екендігін түсінгендігіне және менеджментке тікелей сұрақ қою мүмкіндігіне ие болғандығына сенімді болғымыз келеді», -деді ол. Оның айтуынша, компанияның металл өндірісі, көмір және руда алу бойынша қызметтері бірнеше сыртқы фактор әсері салдарынан үлкен шығындарға ұшырап отыр. «Біз әсіресе, Ресейден Қазақстанға импорт көлемінің артуымен бетпе-бет кездесіп отырмыз, ресейлік бәсекелестер рубль девальвациясының арқасында баға бойынша артықшылығы бар. 2013 жылы ресейлік өндірушілер Қазақстанның нарығына аса қызықпайтын. Алайда рубльдің девальвациясынан кейін жағдай күрт өзгерді. 2014 жылдан бастап бүгінгі таңға дейін Қазақстанның нарығына ресейлік импорттың жоғары ағынын бақылап отырмыз. 2014 жылы Ресей импортының көлемі 1,3 миллион тоннаны құраған болатын. 2015 жылдың алғашқы бес айындағы статистика мәліметтері негізінде (0,8 миллион тонна), біз 2015 жылы бұл сан 1,9 миллион тоннадан асады деп болжап отырмыз. 2014 жылы Қазақстанда өндірілген болаттың 3,7 миллионын ескеретін болсақ, нарықтың импортқа әсерінің бары айқын», - деді басшы. Одан басқа, компания өніміне сұраныстың төмендеуі салдарынан дәстүрлі экспорттық нарыққа шығу жолдары шектелген. Жағдайды транспорттық және логистикалық шығындардың жоғарылығы одан бетер шиеленістіріп отыр. Нарықтағы шикізат бағасының құлау салдарынан теміркен ошағы және көмір шахталарына иелік ету бәсекелестік басымдылығы болмай отыр. Осыған қарамастан кәсіпорын «АрселорМиттал» тобынан едәуір қаржылай қолдауға ие болу арқылы өзінің негізгі активтерін инвестициялауды жалғастырып келеді. Осы уақыт ішінде компания 1,5 млрд. АҚШ долларын инвестициялық жобаларға жұмсаған. Атап айтсақ, екінші және үшінші домна пештерін күрделі жөндеу, конвертерлердің газдан тазарту жүйесін монтаждау, сұрыпты илек өндірісіне арналған шаршы дайындамаларды үздіксіз құю машинасының құрылысы, агломерация өндірісін шаңсыздандыру жүйесін орнату, еңбек қауіпсіздігі, қоршаған ортаны қорғау және техникалық қызмет көрсету бойынша жобалар. «Болат өндірісіне жұмсалатын шығындардың қомақты бөлігі Еңбекақы қорының үлесінде. Жалақыны қысқартудан үнемделетін қаражат біздің бизнестің дамуына, компанияның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға салынатын болады. Қазақстандық болат, темір рудасы мен көмір өндірудің ұзақ әрі даңқты тарихы бар. Жақында біз қазақстандық металлургияның 55 жылдық мерейтойын атап өткен болатынбыз. Ортақ ісіміздің тұрақты болашағы үшін бірлесіп жұмыс істеуіміз керек», - деп түйіндеді Виджай Махадеван.