Астана әкімдігі: 3 800 теңгелік жол жүру құны бойынша мәселе талқыланып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қоғамдық көлікпен жол жүру ақысы коммуналдық төлемдер санатына қосылмаса Астана қаласында жол жүру билеті 300 теңгеге дейін қымбаттамайды.
None
None

ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласының жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов осылай мәлім етті, депхабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Астана қаласының тұрғындары отбасы үшін 3 800 теңге төлеп, қоғамдық көліктерде тегін жүре бере алатыны туралы әңгіме әлі де «қызып» тұр.Бүгін ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері Бекмырза Игенбердиновке осы өзгеріс бойынша көптеген сауал қойды.

«Жұмыс тобының жүргізген сараптамасының нәтижесі бұл бағытта соңында қандай модельді таңдап алатынымызды шешіп береді. Мұнда ең бірінші кезекте көпшілікті қоғамдық көлікке көшіру мәселесі негізге алынып отырғанын ескеруіміз керек. Жылына Астана қаласында автокөліктер 10 мыңға дейін артып келеді. Кейбір жолдарды қайта салуға немесе кеңейту мүмкін емес. Сәйкесінше,біздің мақсат - көпшілікті қоғамдық көлік арқылы жүруге тарту болып отыр», - дейді Бекмырза Игенбердинов.

Басқарма басшысының айтуынша, Астана қаласында жол жүру бойынша коммуналдық төлем ретінде айына 3 800 теңге (1,7 АЕК) төлеу жүйесі әлі де зерттеліп жатқанын, нақты шешім қабылданбағанын атап өтті.

«100 адам автокөлікпен немесе басқа 100 адам қоғамдық көлікпен кетіп бара жатса, екі жағдайды да салыстырып көріңіз. Бұл тек сарапшылармен және қоғаммен талқылаудың алды ғана болатын. Қандай формада жол жүру тегін болады? Кімге күш түседі? Жұмыс тобының бірлескен жұмысынан кейін ғана тұжырымдама халықтың талқысына түсетін болады. Ой елегінен тағы да өткізіп, қандай ұсыныс тараптардың барлығын қанағаттандырады - сол жолды іздейміз. Көлік жүйесін әлі де дамытамыз. Мұнда біреуге жақсы немесе біреуге жаман болады деген сөз емес. Бұл тек тұжырымдама», - дейді ол.

Сонымен бірге, басқарма басшысы Астанада әзірге қалаішілік қоғамдық көліктерде билет бағасын қымбаттату туралы мәселе қаралып жатпағанын тілге тиек етті.

«Егер бұл модель қабылданбаса, бұл деген Астанада жол жүру бағасы 300 теңгеге дейін өсіп кетеді деген сөз емес. Тарифтің мөлшері бойынша есеп әдістемесіне сүйенсек, біз тарифті көтеруіміз керек. Бірақ, бұл туралы әңгіме қозғалып жатқан жоқ. Бұл мәселе  әлі де талқыланатын болады. Ұсыныс барлық деңгейде  талқыдан өтіп, бұл қадам заңнамалық құжатқа да өзгеріс енгізуге әкелуі мүмкін. Қалай болса да, тепе-тең шешім қабылдануы керек», - дейді басқарма басшысы.

Соңғы жаңалықтар