13:58, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
Астана әкімдігі елордадағы ірі жобаларға қажетті жерлерді сатып алуды және нысандарды бұзуды республикалық бюджет есебінен қаржыландыруды ұсынып отыр
АСТАНА. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Астана қаласының әкімдігі елордада жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған ірі инвестициялық жобаларға қажетті жерлерді сатып алуды және жылжымайтын нысандарды бұзуды республикалық бюджет есебінен қаржылындыруды ұсынуда.
Мұндай ұсынысты бүгін Астана әкімдігінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Астана қаласының жаңа орталығындағы құрылыстың барысын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында қала басшысы Иманғали Тасмағамбетов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.И. Тасмағамбетовтың айтуынша, Астананың инфрақұрылымын дамыту саласындағы бірқатар ірі инвестициялық жобаларды сәтті жүзеге асыру үшін қосымша қаржыландыру қажет. Яғни, ірі жобаларды салуға қажетті жер телімдерін сатып алуға, жылжымайтын мүлік нысандарын бұзуға және олардың меншік иелеріне өтемақы төлеуге барлығы 27 млрд. теңге қаржы қажет. Ал биыл бірқатар нысандарды сүріп тастау үшін, яғни жер телімдерін босатуға 6 млрд. теңгеден астам қаржы қажет. «Тағы мынадай проблемалар бар: кейбір жобалар бойынша сүріп тастаудың және өтемақының құны кейбір жағдайларда құрылыстың құнынан асып түседі. Бұл біріншіден. Екіншіден, елорда дотациялық қала. Сондықтан қала бюджетінде сүріп тастауға және өтемақыға қаржы қарастырылмаған», деді әкім. Астана қаласы әкімінің орынбасары Василий Крыловтың сөзіне қарағанда, жұмыстың бұл түрі «Мемлекеттік сараптама» РМК жобаларын келісу кезінде Индустрия және сауда министрлігінің Құрылыс жөніндегі комитетімен ескерілмеген. Осы орайда, қала әкімдігі аталмыш шығындарды нысандар құрылысының сметалық құнының құрамына қосуды және бірыңғай бюджет классификациясына өзгертулер енгізуді ұсынды. Мән-жайға қанық болған Премьер-Министр Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтановқа бұл мәселені бір аптаның ішінде пысықтауды тапсырды.