Астана әкімі мен Санкт-Петербург вице-губернаторы екі қаланың ықпалдастыққа мүдделі екенін айтты
Делегация құрамына Санкт-Петербург мемлекеттік билік органдарының өкілдері, жоғары және орта оқу орындарының басшылары, денсаулық сақтау және туризм салаларының өкілдері кірді. Аталған сапар экономикалық серіктестікті нығайтуға, қалалар арасындағы ғылым-білім салаларындағы байланысты, сондай-ақ, денсаулық сақтау мен туризм саласындағы қарым-қатынасты дамытуға бағытталған. Сапар аясында екі қала арасындағы іскерлік серіктестік бағдарламасына ерекше көңіл бөлінді. - Санкт-Петербург біздің маңызды іскерлік және гуманитарлық серіктесіміз болып табылады. Астана мен Санкт-Петербург арасындағы ынтымақтастықтың кеңеюі ең алдымен экономикалық негіздерінің мықтылығы мен екі қаланың тығыз қарым-қатынасы нәтижесінде құрылған, - деді әкім. Ә. Жақсыбеков ЭКСПО Халықаралық көрмесіне дайындақ мақсатында Астанының екі қала арасындағы жан-жақты ынтымақтастыққа мүдделі екенін атап өтті. - Делегаттардың пікір алмасуы арқасында, бірлесіп өткізілген шаралардың нәтижесінде екі қала арасындағы серіктестік пен жаңа іскерлік және гуманитарлық байланыстар кеңейе түсті. Осының барлығы екі қала арасындағы бірлескен тиімді жобалардың дамуына серпін береді, - деді кездесу барысында елорда басшысы. Вице-губернатор О. Казанская Санкт-Петербург үкіметі басшылығының атынан екі қала арасындағы ынтымақтастық аясындағы атқарылып жатқан шаралар үшін Астана қаласының әкімдігіне алғыс білдіріп, астаналықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады. - Астана қаласымен соңғы жылдары тығыз қарым-қатынас орнатылғанына қуаныштымыз. Екі қала серіктестер ғана емес, сондай-ақ, бұл қалалардың ұқсастықтары да көп. Сіздерге белгілі болғандай, Ресей мемлекетінің жаңа тарихи кезеңі Бірінші Петрдің жаңа астананы құруымен тікелей байланысты, бұл мемлекет дамуындағы жаңа белес болатын. Астананың тағдыры да сондай - жаңа Астананың құрылуынан мемлекеттің жаңа болашағы қалыптасады, - деп атап өтті Санкт-Петербург вице-губернаторы. - Осындай кездесулер екі жаққа да тиімді өзара серіктестік құру үшін қосымша серпін береді, - деп толықтырды О. Казанская. Вице-губернатордың айтуынша, сауда-экономикалық серіктестік аясында екі қала арасында бірқатар келісімге қол қойылды. Вице-губернатордың айтуынша, инвесторлар тарапынан Санкт-Петербургтегі «Астана» тауар-іскерлік кешенінің функционалды қызметіне өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар түскен және Санк-Петербург басшылығы тарапынан бұл жобаны жүзеге асыру шаралары толық қадағаланатын болады. Кездесу барысында мәдениет, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, 24 қыркүйекте Санкт-Петербург пен Қазақстан өнерпаздарының бірлескен концерті өтті. Бүгін Санкт-Петербург пен Астана әкімдігі жетекші мамандары іскерлік ынтымақтастық аясында Кеңестің екінші отырысына қатысты. Сапар аясында «Денсаулық сақтау саласының ресей-қазақ ынтымақтастығын келешекте нығайту және кеңейту», «Ресей-қазақ экономикалық қарым-қатынасы қазіргі заманғы интеграциялық үрдісте», «Жоғары кәсіби білім беру саласының өзара әрекеті» тақырыптары бойынша дөңгелек үстелдер мен білім беру саласы мамандарының қатысуымен ынтымақтастық бойынша кездесулер өтеді. Бұдан бөлек, Санкт-Петербург туриндустрия өкілдеріне 11-ші қазақстандық Astana Leisure - 2015 халықаралық туристік көрмесі мен «Астана ЭКСПО - 2017» нысандары таныстырылады.