«Астана» ӘКК бұрынғы төрағасы ірі агрохолдингке басшылыққа ауысты

А.Қожаназаровқа агрохолдингтің жағдайын жақсарту міндеті қойылып отыр. Сонымен бірге, корпоративтік басқаруды жақсарту мен компания қызметі тиімділігінің негізгі көрсеткіштерін көтеру міндеттері тұр.
«Ең ірі агрохолдингтердің бірі болса да, «Иволга» сөзі бүгінде дағдарыс сөзінің синониміне айналды. Батып бара жатқан кемені басқаруға неге келісім бердім? Холдинг алдында тұрған мәселелер үшін емес, компания мүмкіндіктері үшін. Тағы да қайталаймын: Иволга - ауқымды мүмкіндіктері мен әлеуеті бар елдегі ең ірі агрохолдинг. Дұрыс тәсілдер мен барлық мүмкіндіктерін жүзеге асыру арқылы ел экономикасындағы көшбасшылардың біріне айналдыруға болады. Менің алдағы уақыттағы негізгі мақсатым да осы болмақ», - деп жазды А.Қожаназаров әлеуметтік желідегі парақшасына.
Қожаназаров Айдарбек Асанұлы 1983 жылы 26 қарашада Қызылорда облысында туған. Т.Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университетін, Данди қаласының Университетін (Шотландия) аяқтаған.
«Иволга Холдинг» ЖШС - ірі агроөндірістік компания. Ауыл шаруашылығы техникасы паркін, мұнай базаларын және жанармай құю бекеттерін басқарады. Нарықта 25 жылдан бері жұмыс істеп келеді.