Астана әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші жағынан еліміздің шын мәніндегі көшбасшысына айналды - Н. Назарбаев
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қалыптасқан дәстүр бойынша, біз көктем күндері елорданың тынысын, даму барысын қарап, болашаққа жол сілтеп, атқарылатын шараларды анықтап келеміз. Соңғы жылдары елорда барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер жағынан еліміздің шын мәніндегі көшбасшысына айналды. Қиын кезеңдердің өзінде қаражат тапшылығына қарамастан біз Астана құрылысын тоқтатқан жоқпыз. Күн санап ажары айшықталып келе жатқан елорда бүгінгі күні өмір сүруге қолайлы, халыққа жайлы қалаға айналып отыр», деді Н. Назарбаев.
Сонымен бірге Президент бүгінгі қала келбеті шетелден келген қонақтарды да, өз жұртымызды да таң қалдырып отырғанын айтып, Астананың қазіргі кезде білім, ғылым және мәдениет орталығына айналғанына тоқталды.
«Қала тұрғындары емделудің ең күрделі түрлерін алысқа бармай-ақ елордамызда жүргізеді. Мәдениет пен бұқаралық спорттың барлық нысандары бой көтеріп отыр», деді Н. Назарбаев.