Астана – әрбір қазақстандықтың ортақ мақтанышы, баянды болашағымыздың ордасы- Қылышбай Бисенов

1998 жылы Президент Елордамызға Астана атауын берді. Мемлекет астанасының көркеюі, әлемдік деңгейдегі алатын орны туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, техника ғылымдарының докторы, профессор, «Нұр Отан» ХДП Мәжілістегі фракциясының және партияның Саяси Кеңесінің мүшесі Қылышбай Бисенов ҚақАқпарат тілшісіне айтып берді.
- Қылышбай Алдабергенұлы, Астана атауын иеленгеніне бір мүшел толып отыр екен. Елордамыздың айшықты күндері туралы айтып өтсеңіз?
- Біздің елімізде тарихи күндер көп. Соның бірі - 1997 жылғы 10 желтоқсан. Бұл - Елордамыздың Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшірілген күн. Сол күні Ақмола қаласының орталық алаңында салтанатты шара өтті. Сол күні Қазақстанның Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы, Президенттің штандарты жаңа астанаға әкелінген болатын. Осы сәттен бастап Елорда жүрегі Сарыарқа төрінде соға бастады.
Орталық алаңда жиналған жұртшылық алдында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, «Бұдан былай және ғасырдан-ғасырға, осында, ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдыры үшін өміршең маңызы бар шешімдер қабылданады. Бұл жерде енді Отанымыздың жүрегі соғуда. Осы жерде бүгін Қазақстан үшінші мыңжылдықтың табалдырығында өзінің тарихи тағдырын айқындайтын болады» деген болатын.
Сол бір тарихи күні ақмолалық қариялар мінбеге көтеріліп, Елорда кілтін Елбасына табыс етіп, ақ баталарын берген еді.
Ал келер жылы, яғни, 1998 жылы 6 мамыр күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи Жарлығы шықты. Ол «Қазақстан Республикасының астанасы - Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы - Астана қаласы деп қайта атау туралы» деп аталады. Және осы Жарлыққа сәйкес Астана қаласы Сарыарқа және Алматы аудандарына бөлінді. Бүгінгі таңда Сол жағалаудағы жаңа әкімшілік орталығының салынуына орай үшінші Есіл ауданы құрылды. Сөйтіп, қазір Астана қаласының аумағында үш аудан бар.
Қазір Астана тәуелсіз Қазақстанның Елордасы ретінде әлемге танылды. Жылдан-жылға көркейіп келеді. Жыл сайын 6 шілдеде Астана қаласының күні сән-салтанатымен аталып өтеді.
- Сіздің алғашқы мамандығыңыз құрылыс саласына тікелей байланысты екен. Ғалым-ұстаз ретінде Астанамыз туралы пікіріңізді білдірсеңіз.
- Дұрыс айтасыз, мен 1979 жылы Қазақ политехникалық институтының құрылыс факультетін бітіргенмін. Сол кезден бастап білім мен ғылым саласында қызмет атқарып келемін. Елдегі құрылыстың үдемелі қарқын алуы, біріншіден, экономикалық дамудың көрсеткіші. Ол экономикалық дамудың локомотивіне айналатын сала болып отыр.
Тұңғыш Президентіміз, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев астананы Алатау баурайынан Сарыарқа төріне көшірерде «Бұл мен үшін емес, бұл ел үшін керек, елдің ертеңі үшін керек, мұның мәнін қазіргі адамдар толық ұғар-ұқпас, бірақ болашақ ұрпақтарымыз ұғатын болады» деген. Бүгінгі күні Астана қаласы адам танымастай өзгеріп, Орталық Азиядағы бірден-бір сәулет өнеріндегі қайталанбас Ғасыр жобасына айналды. Осылайша астананың басқа қалаға ауысуымен мемлекет пен ұлт тарихының жаңа беті ашылды. Астана тәуелсіздігіміздің символына айналды. Дүниежүзі танып, еліміз кез келген елмен терезесі теңесті. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» -деп дана халқымыз осындайда айтқан болар.
Мен 2000 жылдардың бас кезінде Астанаға іссапармен келіп жүргенде «Есілдің сол жағалауында әлемде өте сирек кездесетін ғасырлық құрылыстар салынып, ғажайып ғимараттар пайда болады» деп ойлаған жоқ едім. 10 жылға жетпейтін уақытта Астана құрылысы салынды. Бұл Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында, Президенттің өз тағдырын өз елінің мүддесіне арнап атқарған еңбегінің нәтижесі деп білемін.
- Сәулетті ғимараттарды атасаңыз?
- Астанамыздағы Президенттік мәдениет орталығы, «Нұр-Астана» мешіті, Бейбітшілік және келісім сарайы, Қазақ елі ескерткіші мен Тәуелсіздік сарайы, «Қазақстан» орталық киноконцерт залы, «Бәйтерек» кешені, Парламент және Үкімет үйлері, мемлекеттің орталығында саяси дамуымыздың тұрақты бейбіт өмірмен жасампаздықтың кепілі ретінде тәуелсіздігіміздің символына айналған арайлы Ақорда ғимараты - әлемдегі озық архитектуралық өнердің сәнді де салтанатты көркемдік келбеті.
Астананың құрылысы Елбасымыздың тікелей басшылығымен салынып жатыр. Нұрсұлтан Әбішұлы Елорданың негізгі сәулетшісі деп айтар едім. Бас қаланы өзі жобалап, саяси шешім қабылдап, қысқа мерзімде Астананы тәуелсіздігіміздің символы ретінде бүкіл әлемге танытты.
Астанадағы ғимараттар әлемдік сәулет өнерінің жаңа дизайнымен, архитектуралық-инженерлік жобаның жетістіктерімен салынған. Өте сирек кездесетін тарихи ғимараттар бар. Бұл ғимараттар бүгін жаңашылдығымен айшықталса, араға жылдар салған кезде тарихи-мәдени құнды ескерткіштер ретінде бағасы одан сайын арта түсетіні сөзсіз.
Сондықтан да әсем Астана - әрбір қазақстандықтың ортақ мақтанышы, баянды болашағымыздың ордасы, Қазақстан халқының ырысты ынтымақ-бірлігінің жеңісі мен жемісі.
- Рақмет әңгімеңізге.