13:25, 20 Қараша 2014 | GMT +5
Астана әуежайын кеңейту жұмыстары жылына 7 миллион жолаушыны қабылдауға мүмкіндік береді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әуежайында терминалды кеңейту жұмыстары жолаушыларды қабылдау көлемін 7 млн. адамға жеткізуге жол ашады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «ҚТЖ» ҰК» АҚ Логистика жөніндегі вице-президенті Қанат Алпысбаев мәлім етті.

«ҚТЖ Астана әуежайын қайта жасау жұмысын жүргізіп жатыр. Бүгінде инвестицияның жалпы көлемі 60 млрд. теңгеге жетеді. Бірінші кезектегі жұмыстар жолаушыларды қабылдау қуаттылығын кеңейтуге бағытталған»,- деді ол.
Қ. Алпысбаевтың сөзіне қарағанда, бүгінде жолаушыларды қабылдау қуаттылығы әуежайда 3 миллионға жуық адамды құрап отыр. Ал жаңа терминалдың құрылысы мен қайта жасау шаралары оның көлемін жылына 7 миллион адамға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
«Жаңа терминал салынады, сонымен қатар ұшу-қону жолақтары мен басқару жолдарына ауқымды қайта жөндеу жұмыстары жүзеге асырылады»,-деп түйді ол.