Астана әуежайының жаңа терминалы жылына 7 млн. жолаушы қабылдай алады
Жаңа терминалдың сызбасына сай, ғимараттың жалпы аумағы 40 мың шаршы метрді құрайды. Жаңа терминалда 25 тіркеу үстелі, иммиграциялық қызмет көрсететін 24 үстел болады. Сонымен қатар, ғимаратта жүктерді өңдеп, жолаушыларға тапсыратын 3 лента болады. Жаңа терминал жылына 3,5 миллион жолаушыны қабылдай алады. Осылайша, Астана халықаралық әуежайы 2017 жылға қарай жылына 7 миллион жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы болады.
«Mabco Constructions S.A» компаниясы салып жатқан жаңа терминалдың құрылысы 2017 жылдың наурызында аяқталады. 2016 жылы жолаушылар терминалы сырты мен ішкі құрылысын аяқтап, әуежайдың ұшу-қону жолақтарын, ұшақ тұрақтарын күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда.
«Airport Management Group» ЖШС 2013 жылы құрылған және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ құрылымындағы мемлекеттік әуежайлардың желісін басқаратын компания. Компанияның мақсаты - әлемнің үздік тәжірибелерін енгізу, әуежай басқару саласындағы стандарттар мен технологияларды жетілдіру, сондай-ақ трафик пен сервисті, қаржылық жағдайды жақсарту, авиациялық қауіпсіздік пен ұшақтардың қауіпсіздігін басқару жүйесін жақсарту, бақылау бағдарламаларын халықаралық ИКАО стандарттарына теңестеру. 2014 жылы Астана, Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Шымкент, Қызылорда қалаларының әуежайы осы компанияның басқаруына берілген. Сонымен қатар, компания стратегиялық әріптес ретінде Швейцарияның «Zurich Airport International AG» компаниясымен жеті жылға келісімшарт жасаған.