Астана экономикалық форумы – жаһандық мәселелердің шешімін қарастыратын халықаралық алаңға айналғанын дәлелдеді

Осымен төртінші мәрте ұйымдастырылған форум «Жана онжылдық: болашақтар мен талаптар» деген тақырыппен өтіп, оған әлемнің 80 елінен 3 мыңнан астам өкілдер қатысты. Айтулы шараға әлемнің көрнекті саясаткерлерінің, ірі халықаралық корпорациялардың, орталық банктердің, қаржы институттарының, экономиканың нақты секторының аузы дуалы сақа сарапшыларының келуі форумның салмағын арттыра түскендей. Әсіресе, экономика саласының суперэлитасы саналатын Нобель сыйлығының 6 бірдей лауреатының Еуразия кіндігіндегі қазақтың елордасында жаһандық экономика туралы сөз қозғап, түрлі болжамдар бойынша пікір қағыстырып, тың идеяларға түрен салуы биылғы басқосудың маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдесе керек. Роберт Манделл, Джон Нэш, Роджер Корнберг, Джеймс Миррлис, Роберт Ауманн, Финн Кидланд секілді нобельшілер биылғы басқосуда байсалды пікірлер ұсынып қана қойған жоқ, бұдан кейінгі де қазақ даласында өтетін осындай форумға ұдайы қатысуға құлықты екендерін жеткізді. Экономика саласының білімпаздары осы форумда Нобель сыйлығы лауреаттарының астаналық клубын құруы да осыған дәлел бола алады. Енді ІV Астана экономикалық форумының аясында қарастырылған негізгі мәселелеріне көшсек.
Жаһандық проблемаларды белсенді талқылайтын Астана алаңының ашылу салтанатына ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйлеген болатын. «Бүгінде әлемдік қоғамдастық жаңа ғасырдың жаңа онжылдығына қадам басты. Қазіргі үрдістер дүние дамуының жаңа қарсаңында тұрғанын білдіреді. Сондықтан дағдарыстан кейінгі кезеңде «жаңа қағидаттар қандай болады, қандай жаңа тәртіп орнайды?» деген сауал баршаны толғандырады. Мен мұндай ортақ қағидаттарды барлық елдердің күш-жігерімен қалыптастыруымыз керек деп санаймын. Сонда ғана әлемдік құрылымның жаңа жүйесі баршаның және әрқайсымыздың мүддемізге сай болады», - деді Елбасы. Бұдан соң Президент өткен тарихқа көз жүгірте отырып, еліміздің тәуелсіздігінен бері бірқатар дағдарысты сәтті еңсергенін атап өтті. Бұның ең үлкені Кеңес одағының ыдырауы тұсында орын алып, сол кезде отандық экономиканы толық тұқырған еді. Ел басынан өткен екінші күйзеліс - Оңтүстік-Шығыс Азия дағдарысы болса, соңғысы дүние жүзіндегі барлық елдердің дамуына тікелей әсер еткен жуырдағы жаһандық қаржы дағдарысы. Бұның барлығын Қазақстан ойдағыдай еңсеріп өтті десе де болады. Бұл ретте Президент Қазақстанның ағымдағы қарышты даму деңгейіне, алдағы амбициясына тоқтала келе, жаһанданған әлемдегі жағдайлардың өзара байланысты болатынын атап өтті. «Біз бір-біріміздің жағдайымызға тәуелдіміз. Бүгінгі форум - осындай халықаралық деңгейдегі үлкен мәселелердің шешімін іздестіретін танымал үнқатысу алаңдарының бірі», - деп форумның негізгі мазмұнын ашып берген Н. Назарбаев кешегі дағдарыстардың сабағынан туындайтын алдағы жаңа онжылдықтың перспективалы мәселелері туралы өз көзқарасын жеткізді. Осыған орай, Елбасы соңғы дағдарыстың әлемге берген сабақтарын объективті және жан-жақты талдау қажеттігі айтып, бұған қатысты пікірін де білдірді. «Дағдарыстың басты сабағы - экономикалық саясатта теңгерімсіздіктерге жол бермеу. Осы ретте ауыр болса да бақылаусыз бетімен кеткен қаржы рыноктарын төтенше қысымда ұстаудың маңызы мен пайдасы зор. Реттелмеген қаржы секторына үйлестірілген ашық капитал - бұл баяу жарылатын бомбамен тең. Ол бұған дейін де бір рет жарылды, әлі де талай жарылуы мүмкін», - деді Н. Назарбаев.
Президент айтқан дағдарыстың екінші сабағы әсіресе, дамушы елдер үшін индустриялық және инновациялық саясаттың маңызының артуы болды. Ал үшінші сабақ - жеткілікті дәрежедегі әлеуметтік саясаттың қажет екендігіне түсініктің артқандығымен ерекшеленеді. «Соңғы кездері әлеуметтік саясаттың рөлі негізсіз төмендетілген болатын. Араб елдерінде, соның ішінде дамыған бірқатар елдердегі белгілі оқиғалар халықтың әлеуметтік жағдайын тұрақты назарда ұстаудың өткірлігін көрсетіп берді. Өкінішке қарай, нарықтық күштер жұмыспен және азық-түлікпен, әлеуметтік қорғаумен және тұрақтылықпен қамтамасыз етудің сайма-сай міндеттерін барлық жерде бірдей шеше алған жоқ. Осының салдарынан дамыған және дамушы экономикалардың арасында айырмашылық ұлғайып, сауда даулары, валюталық кикілжіңдер, мемлекеттік қарыздар көбейіп, жұмыссыздар мен аз қамтылған халық саны өсті. Әлемде бірінші рет бүтіндей мемлекеттердің банкроттық жағдайға тап болуы пайда болды», - деді Президент.
Бұдан соң, Елбасы әлемдік экономика алдындағы жаһандық сынақтар күтіп тұрған негізгі үш секторды да атап көрсетті. Олар - қаржылық, индустриялық-инновациялық және ресурстық-азық-түліктік. «Әлемдік қаржы секторының дағдарысты жағдайы әлемдік қаржы жүйесінің ақаулығында және оның негізгі құрамдас бөлігі әлемдік резервтік валютада тұр. Оның үстіне қазіргі қолданыстағы валюталық-қаржылық жүйе заңдылық пен демократиялық қағидаттарға жауап бере алмайды әрі макроэкономикалық қағидаттарды бұрмалап, пайда болған жаһандық проблемаларды шешуге кедергі келтіреді. Бұл ахуалды жою үшін осы уақытқа дейін қолға алынбаған түбегейлі шаралар қарастырылуы қажет. Осы жағдайға байланысты әлемнің бірқатар елдері баламалы валютаны қарастыруға мәжбүр болуда. Ақыр аяғында әлемнің барлық экономикалары ұлттық есеп-төлем бірлігін құру және енгізу, ал мұнан кейін жаңа қағидатты жаһандық валютаны құруға келетін болады», - деді Н. Назарбаев.
Сонымен қатар Елбасы өз сөзінде жалпы әлемдік саясатта назар аударуға тұрарлық бірқатар маңызды мәселелерге де тоқталған болатын. «Біріншіден, макроэкономикалық басқарудың үйлестірілген жүйесін жасақтау қажет. Екіншіден, шикізаттан қаржы секторына дейінгі рыноктарды жаһандық тұрғыдан реттеу керек. Үшіншіден, тиімді валюта-қаржы жүйесін негізге алу қажет. Бірінші бағыт үшін «G-20» тобының қаржы министрлері ұлттық экономикалар жағдайын бағалаудың әмбебап индикаторларының тізімін айқындауы қажет. Қазіргі күні әлемдік рыноктарды реттеу жүйесін құру туралы көп айтылуда. Бірақ үйлестірілген шешім әлі әзірленген жоқ», - деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Елбасының сөзінен соң, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Еуропа экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Ян Кубиш Бас хатшы Пан Ги Мунның Астана экономикалық форумына жолдаған құттықтауын жариялады. Онда Ұлттыр Ұйымының басшысы осыдан 3 жыл бұрын Астанада алғашқы форум өткен кезде әлем экономикасының терең рецессия жағдайында болғандығын атап көрсетіп, содан бергі аралықта бірқатар азиялық елдер дамудың жоғары қарқынын көрсете бастағанын айтады. Осындай елдің алдыңғы қатарында форум өтіп жатқан Қазақстан елі де бар екендігін атап көрсетеді. «Ендігі кезекте әлем қандай даму арнасына қарай бет түземек? Келіп жатқан инвестицияларды қалай қарай бағыттаған жөн болар еді? Бүгінгі күннің экономика саласында қалыптасып отырған проблемаларын қалай шешкен орынды? Міне, осындай сұрақтарға жауап іздестіруде Астана экономикалық форумының маңызының арта түседі деп сенемін әрі жиынның жұмысына сәттілік тілеймін», - делінген Пан Ги Мунның хатында.
Тоқтала кететін жайт, форум жұмысы негізгі үш бағытта - «Жаһандық экономика және қаржы», «Бизнес және инвестициялар», «Қоғам мен тұрақты даму» секциялары бойынша айқындалған болатын. Оның ішінде де жаһандық қатерлердің негізгі бағыттары бойынша түрлі сексиялар ұйымдастырылып, екі күнге жалғасқан халықаралық пікірталас алаңында пайдалы кеңестер ғана емес, іскерлік қадамдар да жүзеге асты. Айталық, бір топ сарапшылар әлемнің алдында ең өзекті болып отырған азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі бойынша әңгіме өрбітсе, енді бір топ валюталық және жаһандық монетарлық саясаттың өзектісін қалқып, соның жолдарын саралады. Бұндай алқалы алаңға Қазақстанның орталық атқарушы органның мүдделі министрліктері атсалысып, елге пайдалы мәселелерге барынша құлақ асты. Азық-түлік қауіпсіздігі, жаһандық «жасыл өсу», валюталық һәм қаржылық байыптаулар, туризм индустриясын өркендету тақырыбында әрбір саланың бірінші басшылары жиындарда сөз сөйлеп, Қазақстанның позициясын ғана көрсетіп қойған жоқ, сонымен бірге елдік экономикалық дамуға қажетті келісімшартарға отырып, меморандумдар жасасты.
Сондай-ақ, Астана экономикалық форумының аясында VІ Инновациялық конгресс те болып өтті. «Ұлттық инновациялық жүйелердің интеграциялану үдерістері» тақырыбына арналған инновациялық конгресс әлем ғалымдары мен белгілі мемлекет қайраткерлерін бір үстел басына жинады. АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Швейцария, Израиль, Түркия, Оңтүстік Корея, Ресей және тағы басқа 12 елден 300 адам қатысты.
Астана - Қазақстан дамуындағы зор амбициялардың нышаны - К. Мәсімов
ІV Астана экономикалық форумының екінші күні ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың, Елорда әкімі И. Тасмағамбетов пен Экономикалық даму және сауда министрі Қ. Келімбетовтың қатысуымен «Аstana-Invest-2011» ІІ халықаралық инвестициялық форумы да болып өтті. 4-ші форум аясындағы 2-ші форумның мақсаты айқын - Қазақстанның дамуын ілгерілету үшін қолайлы инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту. Елорда экономикасына отандық және шетелдік инвестиция құйылуын ынталандыра отырып, бәсекеге қабілетті елуліктің қатарына кіру стратегиясы шеңберінде «Астана - Қазақстан елордасы» брендін қалыптастыру. Бұл жайында аталмыш форумды ашып, сөз сөйлеген ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов елорданың Қазақстан дамуындағы рөліне тоқталып, қаланың болашақта білім беру және зерттеулер орталығына айналатынын атап өтті. Премьердің айтуынша, қазіргі таңда Астанада инфрақұрылым саласындағы стандарттарды айқындау шаралары жүзеге асырылып келеді. Бұл ретте бизнестік қолдауларға жол ашылады. «Ал алдағы бес жылда Астанада құны 5 млрд. доллардан асатын 11 маңызды инвестициялық жоба жүзеге асатын болады. Бұл жобалар инфрақұрылымнан бастап, жоғары технологиялық ғарыштық жобаларға дейінгі сектор диапазонының барлығын қамтитын болады», - деген Кәрім Қажымқанұлы инвесторлар үшін қолайлы жағдайдың әлі де жалғаса түсетінін атап өтті.
Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов бас қаламыздың бүгінгі жетістіктеріне тоқталып, бірқатар негізгі көрсеткіштерге назар аудартты. Мәселен, соңғы он жыл ішінде ІЖӨ-дегі Астана үлесі 1,5 пайыздан 10 пайызға ұлғайып, өнеркәсіп өндірісі 7 есеге өскен. Бұл елімізге тартылған инвестицияның есебінен болғаны түсінікті. Бұндай инвестиция ауқымы да 10 жыл ішінде 30 есеге өскен. «Астана әлемдік дағдарыстан аман-сау өтіп, өзінің экономикалық тұрақтылығын дәлелдеді. Оған 2010 жылдың қорытындысы куә. Жалпы өнім 10 млрд. долларды құрады. Өңдеу өндірісі 18,4 пайызға өсті. Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 2,7 млрд. долларды құрады. Алдағы уақытта да инвесторлар үшін тәуекелділікті барынша төмендетіп, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Тәуекел кез келген экономикалық қызметте болады, алайда біз оларды жүйелі түрде азайтамыз. Бұл ретте «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы арқылы мүмкіндік аясы кеңейе түспек. Астана экономикасы бойынша біз кез келген екіжақты тиімді ұсыныстарды қарастыруға әрдайым әзірміз», - деді бас қаланың басшысы И. Тасмағамбетов.
Жалпы, Қазақстанның инвестициялық ахуалына келетін болсақ, 1993 жылдан бастап Қазақстанға 120 млрд. доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Сонымен қатар Қазақстан соңғы он жылдағы тікелей шетелдік инвестиция жиынтығы бойынша Орталық Азияда - бірінші орынды, ал ТМД елдері бойынша екінші орынды иеленіп отыр. Сондай-ақ еліміз халықтың жан басына шаққандағы жинақталған шетелдік инвестициялар ауқымы бойынша өңірде һәм ТМД елдері арасында лидер болып табылады. Әйтсе де инвестициялық әлеуеттің ауқымды бөлігі әлі түрен түспеген бос кеңістік болып жатыр. Ал аталмыш форум аясында қатысушы шетелдік компаниялар Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Инвестициялар жөніндегі комитетінің ұсынысымен тау-кен ісі, химия, фармацевтика салаларындағы өңдеуші сектордың инвестиция қажет етілетін бағытымен танысып шықты. Қорытындысы бойынша бірқатар іскерлік келісімшарт жасалып, меморандумдар жасалды. Бұлардың қатарында болат құбырлар шығаратын зауыттың құрылысы туралы инвестициялық келісім, мұражайлық франчайзингті пайдалана отырып, Астанада халықаралық мұражай салу, индустриялық бағыт аясындағы құрылыс, KAHel Astana тікұшақ құрастыру зауытының құрылысы туралы құжаттарды қамтитын жалпы құны 2,5 млрд. доллардан асатын келісімшарттар жүргізілді.
Осылайша, сарапшылар, халықаралық деңгейдегі саясаткерлер мен экономика саласының білгір-ғалымдары екі күнге созылған Астана экономикалық форумының жұмысын жоғары бағалап, бұндай халықаралық пікірталас алаңының жаһандық дамуға тигізер пайдасы зор екендігін атап өтті. Бірқатар мәселелер бойынша әлемнің алпауыт ұйымдарына, оның ішінде Үлкен жиырмалық тобына үндеулер жасалды. Жаһандық қатерлерді бірлесе еңсеру үшін біріге түсуге ниеттестік танылып, тәжірибелер алмасу, сондай-ақ ғаламшар экологиясына қатысты ортақ ұстанымды жүзеге асыруға байланысты нақты консенсустар көрініс тапты.
Ең бастысы, жиналғандар бұндай ашық алаңның қажеттігін тағы бір мәрте сезініп, оның болашақтағы ауқымы да кеңи түсетініне сенім білдірді. Сондықтан да, Астана экономикалық форумы келесі жылы да жалғасан табатын болады. Бұл туралы Мемлекет басшысы ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде: «Баршаға мәлім Астаналық экономикалық форумның маңызы жылдан жылға артып келеді. Сондықтан, келесі жылдан бастап ол тұрақты түрде мамыр айында өткізілетін болады. Баршаңызды келесі жылдың 23-24 мамырында өтетін V Астаналық экономикалық форумға шақырамын»,-деген болатын.