Астана халықаралық қаржы орталығының басқаруына мемлекеттік қаржының бір бөлігі беріледі - Қ.Келімбетов
Оның атап өтуінше, Астана халықаралық қаржы орталығы туралы заң жобасы бүгінде ҚР Парламенті Сенатының қарауында.
«Біз активтерді басқару бойынша әлемдік санаттағы жаңа сала құрмақпыз. Оның негізі мемлекеттік активтерді басқару болмақ. Өздеріңізде білетіндей, қазіргі уақытта Қазақстанның Ұлттық банкі 100 млрд. доллардан асатын активтерді басқарып отыр. Біз өзіміздің серіктестерімізбен бірлесіп, бұл қаржының бір бөлігін Астана халықаралық қаржы орталығына беруді жоспарлаудамыз», - деді Ұлттық банк төрағасы.
Айта кетейік, «Астана» халықаралық қаржы орталығы» органдарының актілері Англия және Уэльс құқығының қағидаттары мен нормаларына және әлемнің жетекші қаржы орталықтарының стандарттарына, бірінші кезекте Дубай халықаралық қаржы орталығының нормативтік құжаттарына негізделеді. Бұдан бөлек, «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағында Орталықты басқару жөніндегі кеңес, орталық қатысушыларының қызметін бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган, яғни Ұлттық банктің ведомствосы АХҚО қатысушыларының қызметін реттеу жөніндегі комитет, орталық әкімшілігі, соты жұмыс істейтін болады. Мұнымен қоса, «Астана» халықаралық қаржы орталығының құқығы Қазақстанның Конституциясына, заң актілеріне, органның актілеріне негізделеді. «Астана» халықаралық қаржы орталығында арнайы сот құрылады.