22:31, 16 Қаңтар 2015 | GMT +5
Астана қаласы аудандарының әкімдері 2-9 ақпан аралығында халық алдында есеп береді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы аудандарының дәстүрлі есеп берулері 2015 жылғы 2-9 ақпан аралығында өтеді. Аудан әкімдері жыл қорытындысын шығарып, қала аумағын одан әрі дамыту туралы айтып, тұрғындардың сұрақтарына жауап береді. Бұған қоса, Астанадағы кәсіпкерлік сала өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылады, деп хабарлады елода әкімдігінің ресми сайтынан.
Алматы ауданының әкімі Бекбол Сағын 2, 4, 6, 7 және 9 ақпан күндері халық алдында есеп береді.
Сарыарқа ауданының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аудан тұрғындарымен 2, 3, 4, 5 және 6 ақпан күндері кездеседі.
Есіл ауданының әкімі Сабила Мұстафина да аудан қызметінің қорытындысын 2, 3, 4, 5 және 6 ақпан күндері шығармақ.
Аудан басшыларының жыл қорытындысын шығаруы Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтің 18 ақпанда сағат 10:00 «Конгресс-холл» сарайында халық алдында есеп беруімен аяқталады.
Астана қаласы аудандары әкімдерінің есеп беру кездесулерінің кестесі «Ақпараттар бюросы» бөлімінде қосымша жарияланған.