Астана қаласының аймақтық технопаркі кез келген бизнес-жобаны іске асыруға дайын

Бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында "Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік" АҚ-ның басқарушы директоры - аймақтармен және инноваторлармен жұмыс жөніндегі орталықтың директоры Гүлнар Есенғазина осылай айтты.
Оның хабарлауынша, бүгін өтініштерді қабылдаудың бірінші кезеңі аяқталды. Енді, 18 маусым - 5 шілде аралығында екінші кезең, ал 20 тамыз - 6 қыркүйекте өтініш қабылдаудың үшінші кезеңі өтеді. «Қазіргі кезде технологиялық бизнес-инкубациялаудың мемлекеттік бағдарламасына өтініш тапсыру жұмысы өте баяу жүріп жатыр. Сол себепті біз бүгінгі баспасөз мәслихатын өткізіп, халықты жан-жақты хабардар етуді көздеп отырмыз», - дейді Г.Есенғазина.
Технопарктің басқарушы директоры атап көрсеткендей, іріктеуден өткен әрбір жобаға 13 млн. 848 мың теңге бөлінеді. Бизнес-жобаны екшеу кезінде агроөнеркәсіп кешені, машина жасау, тау-кен өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдарын шығару, ақпараттық-телекомуникациялар және тағы басқа салаларға басымдық беріледі.