Астана қоян жылы жағымды жаңалықтарға кенде болмады
Өтіп бара жатқан 2011 жыл Астана қаласының шежіресінде қандай ерекшеліктерімен есте қалды? Алдымен, статистикалық көрсеткіштерге тоқталайық. Биыл елорда бюджеті бұрын-соңды болмаған рекордтық деңгейге жетіп, 342 млрд. 884 млн. 912 мың теңгені құрады. ҚР Статистика агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, 2011 жылдың қарашасындағы жағдай бойынша, қала халқының саны жыл басынан бері 42 мың 652 адамға артып, 715 мың 786-ны құрады. Локомотивтер, плиталар, бетон, құбырлар, пластмасса түтіктер, қара металл мен алюминий конструкцияларын шығарудың арқасында өндіріс көлемі 28,2 пайызға артты. 1911,9 млн. теңгенің ауыл шаруашылық өнімдері (қызметтері) шығарылды. Негізгі капиталға салынған қаражат 480 644 млн. теңгені құрады. Биыл қаржыландырудың барлық көздерінің арқасында 1 400 800 шаршы метр тұрғын үй, соның ішінде 2005-2007 және 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары бойынша - 151 мың, жеке меншік инвестициялар есебінен - 1 249 800 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Экономиканың тұрақты өсімі мен Астанада құрылыс саласының қарқынды дамуы құрылыс компанияларына Тәуелсіздіктің мерейтойлы жылы баспананың рекордты көлемін іске қосуға мүмкіндік берді. Қаңтар-қараша айлары аралығында тұрғын үй құрылысына 68 542 млн. теңге салынды.
Қоян жылы жалпы Қазақстан үшін спорттық жетістіктерден басталды. 30 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Астана мен Алматы қалаларында өткен 7-інші Қысқы Азия ойындарында қазақстандық спортшылардың жеңісі туралы төрткүл дүние жарыса хабарлады. Қоржынымызға 32 алтын, 21 күміс және 17 қола медаль түсті. Мұнда Астананың спортшыларының да еңбегі сүбелі. Алтындардың үштен бір бөлігін дерлік елордалық спортшылар алып келді.
Жер аяғы кеңейіп, мамыражай көктем келгенде қала басшылығы, ең алдымен, қыс түссе тұрғындар мен коммуналдық қызметтерді әбігерге салатын, ел аузында «геологтар даңғылы» аталып кеткен - Жеңіс даңғылына күрделі жөндеу жұмыстарына кірісті. Ұзындығы 3,386 шақырымды құрайтын Жеңіс даңғылын қайта жөндеу жұмыстары барысында 4 407 метр тұрмыстық, 8 384 метр кәріз және 4 178 метр телефон желісі ауыстырылды. Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын төселген инженерлік жүйелер жаңартылды. Онымен бірге, даңғылдың бойында орналасқан тұрғын үйлердің 40-қа жуық ауласы абаттандырылып, асфальт төселді. Көшенің кеңейтілуіне байланысты автожолдың өткізу мүмкіндігі тәулігіне 30 мыңнан 60 мың көлікке артты.
Биыл қаланың көне көшелерінің тағы бірі - Иманов көшесіне жөндеу жұмыстары басталды. Жоба құрылысы 2012 жылы аяқталады.
Мамыр айының басында дәстүрлі түрдеАстана экономикалық форумы өтті. Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың қолдауымен және оның белсенді қатысуымен ұйымдастырылатын халықаралық алаңға жыл сайын ондаған елдерден делегаттар жиналады. Олардың арасында мемлекет басшылары, белгілі саясаткерлер мен бизнес көшбасшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары, белді ғалымдар мен жетекші БАҚ өкілдері бар. Биыл IV Астана экономикалық форумы аясында «ASTANA INVEST 2011» ІІ Халықаралық инвестициялық форумы өтті.
6 шілдеде атап өтілетін - Елорда күні мерекесіне әдеттегідей, аймақтардан мыңдаған қонақтар жиналды. Бірнеше күндік думанның шымылдығын экшн-фильмдердің «Astana-2011» ІІ Халықаралық кинофестивалі ашты. Астананың биылғы жұлдызды қонақтары Голливудтың белгілі кино әртісі Стивен Сигал, Мишель Родригез, Майкл Мендсен және Арманд Ассанте, ресейлік әртістерден Дмитрий Нагиев, Николай Валуев, Марат Башаров, Егор Кончаловский, Сергей Светлаков, Гоша Куценко, Екатерина Стриженова, Виктор Вержбицкий сондай-ақ, қазақстандық кино майталмандарынан Досқан Жолжақсынов, Асанәлі Әшімов, Венера Нығматулина, Ерік Жолжақсынов, Фархат Әбдрайымов болды.
Биыл ел ішінде ұйымдастырылған іс-шаралардың дені Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды. Әр өңір мерекеге өзінше үлес қосуға тырысты. Астана да басты мерейтойға орайластырылған шаралардан кенде болмады. Күзде өздерінің шығармашылық ұжымдарымен таныстыру, ауыл шаруашылық өнімдерімен бөлісу және егемендік жылдары жеткен жетістіктерін паш ету мақсатында барлық 14 облыс пен Алматы қаласының делегациялары кезек-кезегімен Сарыарқа төсіне ат басын тіреді. Ауыл шаруашылық жәрмеңкелер барысында астаналықтар батыстың балығын, шығыстың балын, Алматының апортын, солтүстік пен орталық өңірлердің байлығы - ет, нан, ұн өнімдері мен қымызды арзан бағаға сатып ала алды.
20 жылдық мерейтойлы жылы Астана қаласының өнер сүйер қауымы үшін болған жағымды жаңалықтардың бірі - қаладағы қос театрдың
Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театры мен М.Горький атындағы Орыс драма театрының академиялық дәрежеге ие болуы. Астана бүгін де елдің ішкі және сыртқы саяси, әлеуметтік, экономикалық мәселелері талқыланатын диалог алаңы ғана емес, мәдениет пен руханияттың алқалы ордасы болып отырғандығы сөзсіз.
Сахна өнерінің көсегесін көгертіп жүрген театрлар ұжымын Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев арнайы құттықтап, бүгін алақандай сахнада өнер көрсетуге мәжбүр екі театрға жаңа ғимараттар салу мәселесі шешіліп жатқандығы туралы екінші қуанышты жаңалықты жеткізді.
Астана өнеркәсіптік аймақ болмағанымен, мұнда металлургия және машина құрастыруда бәсекеге қабілетті өндіріс орындарын орналастыруға арналған Индустриялық парк құрылған. Парк аумағында 2014 жылға дейінгі Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына енген инвестициялық жобалардың бірі «Тұлпар-Тальго» жолаушылар вагондарын шығаратын алғашқы зауыт салынып, биыл іске қосылды. Зауыттың салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Мемлекет басшысы, индустриялық бағдарламаны іске асыру еліміз үшін таяу жылдардағы басты міндет болып табылатындығын және қазақстандықтар 2015 жылы алғашқы жергілікті өнімнің сапасын сынап көретіндігін атап өтті.
Үстіміздегі жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы құрметіне Астана қаласының көрікті жерлері кезекті бірегей нысанмен толықты. 16 желтоқсан күні ашылған «Мәңгілік Ел» зор салтанат қақпасын салы салу идеясы Қазақстан Президентіне бастамасы. Түрік шежіресінде «мәңгі» сөзі «Тәңір», «Құдай», «Алла» сөздерімен мағыналас қолданылатындықтан, жаңа сәулеттік нысанның атауы «Алла Тағаланың елі, халқы» дегенді білдіреді. Сәулеттік ғимарат «Бейбітшілік және келісім», «Тәуелсіздік» сарайлары, «Хан Шатыр» сауда-ойын сауық кешені, «Қазақ елі» және «Бәйтерек» монументтері сияқты әлемдік сәулет өнерінің кестесінен орын алып, Астананың символына және басты көрікті жеріне айналатыны сөзсіз.
Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесі қарсаңында ел Президенті-Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Назарбаев С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің жаңа кешенін ашты. «Жас ұлан» мектебі мемлекеттік және шетел тілдерін тереңдетіп оқытатын, әскери тәртіп пен дене шынықтыруға басымдық беретін жалпы орта білім беру мекемесі болып табылады.
Астанадағы айшықты нысандардың құрылысы қоян жылымен аяқталмайды. Бұйыртса, алдағы таяу уақытта ел игілігі үшін «Хазіреті Сұлтан» мешіті, «Қазмедиа Орталық» телерадио кешені, Оқушылар сарайы, Опера және балет театры берілетін болады.
Табалдырықтан аттағалы отырған Ұлу жылы еліміз үшін берекелі де мерекелі жыл болсын деп тілейміз. Өйткені, ұлу суда мекендейтіндіктен, жыл халық үшін жайлы болады, астық пен шөп мол шығады деп саналады.