Астана маңында салынып жатқан құс фабрикасы болашақта өнімдерін экспорттауды жоспарлайды
Бүгін «Ақмола-Феникс» АҚ-ның инвестициялық жобасы аясындағы бройлер етін өндіретін аталмыш құс фабрикасында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков пен Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметов болып, фабриканың құрылыс жұмыстарымен танысты.
«Қазақстан қазіргі кезде барлық сұранысының 50 пайызға жуығын импортпен жауып отыр. Яғни жылына 300 мың тонна құс етін тұтынса, соның шамамен 150 мың тоннасын өзі өндіреді. Сондықтан министрлік бұл салаға өте үлкен назар аударады. Соның айқын дәлелі ретінде «Ақмола-Феникс» құс фабрикасын атауға болады. Оның өндірістік қуаты - 20 мың тонна. Бұл Астананың сұранысын толық қамтамасыз ете алады. Болашақта өнім көлемін 40 мың тоннаға дейін артырып, тек Астананы ғана емес, сонымен қатар, жақын аймақтарды қамтитын болады. Тіпті шетелге де аздап экспорт шығару жоспары бар», - деп атап өтті министр.
«Ақмола-Феникс» АҚ атқарушы директоры Денис Плужниктің айтуынша, фабриканың ерекшелігі - құстар осында егіліп, сақталған дәнді дақылдармен қоректенетін болады. Ол үшін фабрика өз күшімен түрлі дәнді дақылдар егіп, оларды құстарды жемдеу мақсатында өсіреді. Фабриканың америкадан алдырған заманауи комбайндары мен тракторлары да бар. Ал күзде жиналған астықты сақтайтын қоймалары мен элеваторы да осы ауылда.
Қазіргі кезде фабриканың барлық объектілерінде жетекші еуропалық өндірушілердің құрал-жабдықтарының монтажы жүріп жатыр. Инвестиция көлемі 12 млрд. теңгені құраған. Мұнда өндірілетін 20 мың тонна тонна өнім көлемі болашақта екі еседей көбейтіліп, мұздатылған құс етін Ресей нарығына шығару көзделіп отыр. Қазіргі таңда кәсіпорында 400-ге жуық жұмыс орны ашылған. Бройлерлі балапандарға арналған қораларды, құс сою цехтарын, құрама жем зауытын және жаңа инкубаторды пайдалануға берген соң, қосымша жұмыс орындары ашылады.
Айта кетейік, «Ақмола-Феникс» АҚ 1996 жылы тіркеліп, Целиноград құс өндірістік базасында құрылған болатын. Ол бүгінде Астана қаласының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлесін қосуда.