Астана мен Алматының базарлары 2018 жылдан бастап заманауи әмбебап базар ретінде қызмет етеді
«Заң жобасына сәйкес, еліміздің сауда объектілерінің қолданыстағы жіктелімі қайта қаралады. Бұл ретте сауда объектілері стационарлық, стационарлық емес объектілер және сауда базарлары болып қайта бөлінеді. Осыған орай, стационарлық сауда объектілері сауда алаңының ерекшеліктері бойынша санаттарға бөлінеді және заманауи саудаға жатқызылады. Бұл ретте 2018 жылдың 1 қаңтарынан астананың, республикалық маңызы бар қаланың, ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап облыстық маңызы бар қалалардың аумағында қолданысқа енгізілетін болады», - деді заң жобасы бойынша баяндаған Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, сауда объектілерін жалға беретін жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға жалға беру шарттарының тізіліміне сәйкес мемлекеттік кірістер органына қосымша ақпараттар ұсыну міндеттелетін болады. Министрдің сөзіне қарағанда, осы түзету сауда, оның ішінде сауда базарларындағы көлеңкелі айналымды төмендету мақсатында енгізіліп отыр. «Бұны 2017 жылдың қаңтарынан енгізуді жоспарлаймыз», дейді министр.
Тұтастай алғанда, құжаттың мақсаты сауда қызметін мемлекеттік реттеудің әдістері мен нысандарын жүйелендіру, электрондық сауда саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін одан әрі жетілдіру болып отыр. Сонымен қатар, заң жобасында еліміздің сыртқы сауданы реттеу саласындағы заңнамасын халықаралық шарттарға, соның ішінде Кеден одағы мен ДСҰ нормаларына сәйкестендіру көзделеді.