Астана мен Ницца өзара бауырластық орнатты
Құжат Астана мен Лазурлық жағалау Ницца қаласының арасындағы өзара түсіністік пен тең дәрежеде серіктестік орнатуға бағытталған. Тараптар бірқатар басым бағыттар бойынша ынтымақтастық туралы келісті. Атап айтқанда, Астана мен Ницца сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге, экономика, мәдениет, туризм, білім, кәсіптік дайындық пен басқа да салаларда қарым-қатынасты нығайтуға мүдделілік танытты.
astana.kz сайтының жазуынша, екі қала арасындағы ынтымақтастықтың ең бір маңызды секторларының бірі туристік сала болуы тиіс. Тараптар тәжірибе алмасып, туристік инфрақұрылымдарды дамыту мен туристік операторлар арасында іскерлік байланыстар орнату мүмкіндіктеріне дайын екендіктерін білдірді.
Іскерлік байланыстар орнату үшін Достық актісі Ницца мен Астанада компаниялардың қызмет белсенділіктерін арттырып, инвестиция тартуға мүмкіндік беретін экономикалық және қаржы форумдарын, іскерлік кездесулер өткізу, сияқты ынтымақтастық түрлерін қарастырады.
Қол қойылған құжаттың маңызды тармағы - Қазақстанның экономикалық мүдделерін таныту үшін Француз Ривьерінде бизнес-офис ашу жөніндегі ынтымақтастық келісім болды.
Тұрақты даму, инновациялық қалалық технология, телекоммуникация мен энергетикалық қауіпсіздік, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне байланысты стратегиялық басымдықтарға қатысты жобалар, қалалық көлік саласы біріккен жұмыстардың жекелеген бағыттары болып табылады. «Францияның Қазақстандағы жылы» аясында 2013 жылы, «Қазақстанның Франциядағы жылы» аясында 2014 жылы және «Астана-2017 Халықаралық көрмесі» жылы тараптар тұрақты ақпараттық және мәдени байланыстар орнатып, көркем көрмелер мен семинарлар өткізуге ықпал етуге ниетті. Сонымен қатар, Астана мен Ницца екі қала арасындағы университеттердің ынтымақтастығын дамытып, студенттердің тәжірибе алмасуына, атап айтқанда, басқару ресурстары мен мемлекеттік қызметтер саласында кадрлар дайындауға мүдделі екендіктерін білдірді.