Астана мен Оралдың арасына «ЯК-42» ұшағы қатынай бастамақ

ОРАЛ. Қазанның 1-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Санаулы күндерден кейін Астана мен Оралдың арасына «ЯК-42» ұшағы қатынай бастамақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Бұрын Орал мен Астананың арасын жалғастырып жүрген «AIRBUS-319» ұшағы қыркүйектің 21-інен Орал қаласына қатынауды тоқтатқан еді. Бұған ««Ақжол» халықаралық әуежайы» АҚ-ға қарасты ұшу алаңының ауыр салмақты көтере алмауы себеп болды.

Қыркүйектің 8-інде ҚР Парламенті Мәжілісіндегі батысқазақстандық бір топ депутат БҚО әкімдігінің ұсынысы бойынша Орал қаласындағы әуежайдың ұшу алаңының жағдайын айтып, дабыл қаққан болатын. Осыған байланысты азаматтық авиация комитетінің қызметкерлері қыркүйектің 17-сінде аталған алаңға тексеру жүргізіп, нәтижесінде ауыр салмақты «AIRBUS-319» ұшағын қабылдауға тыйым салу жөнінде шешім шығарды. Сол себепті қыркүйектің 21-інен осы күнге дейін Орал-Астана бағытына бұрынғы 125 адамдық «AIRBUS-319» ұшағының орнына 50 орындық «FOKKER-50» ұшағы қатынай бастаған болатын. Бірақ аталмыш ұшақтың тарлығы мен ұшу уақытының ұзақтығы жолаушылардың орынды наразылығын тудырды. Сол себепті облыс әкімдігі жақында ҚР Көлік және коммуникация министрлігінен «FOKKER-50» ұшағын сыйымдылығы мен жылдамдығы бұдан жоғары болатын басқа бір ұшаққа ауыстыруын сұрап, өтініш жасаған еді. Өткен сейсенбі күні вице-министр Азат Бектұровтың төрағалығымен оздырылған Көлік және коммуникация министрлігінің кеңесінде аталмыш мәселе талқыға салынды. Жиын барысында «Қазаэрожобалау» институтының қызметкерлері ««Ақжол» халықаралық әуежайы» АҚ қарасты ұшу алаңына 102 кісілік «ЯК-42» ұшағын ұшыру тиімді деп тапты. Бұл шешімді азаматтық авиация комитетінің басшылары мақұлдап, «СКАТ» компаниясына аталмыш ұшақты «Астана-Орал» және «Орал-Астана» бағытына ұшыруға рұқсат берді. Нәтижесінде халық қалаулылары мен облыс әкімдігі өкілінің өтініші орындалып, «FOKKER-50» ұшағының орнына Астана қаласына 2 сағат 15 минутта жетіп баратын «ЯК-42» ұшағы қатынайтын болды. Аталмыш ұшақ қазан айының 4-інен бастап Астана-Орал және Орал-Астана бағытына аптасына жеті рет ұшады.

Осы жөнінде баяндаған БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Бауыржан Әміржанов аталмыш ұшу алаңын жөндеу үшін қаражат көзі іздестіріліп жатқанын айтты. Оның мәлімдеуінше, 2003 жылдан бері күрделі жөндеу жұмысын көрмеген әуежайдың жағдайын жақсарту үшін шамамен 15 миллион доллардай қаржы қажет. Күрделі жөндеу жұмысы ««Ақжол» халықаралық әуежайы» АҚ-ға қарасты ұшу алаңына 2011 жыл жүргізіледі деп жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар