Астана мен Праганың прокурорлары бірлескен қимылдар жөніндегі хаттамаға қол қойды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жүздесу барысында В.Корчагин мәртебелі мейманды елорданың қалыптасу тарихымен таныстырып, қалалық прокуратураның қызметі жөнінде әңгімелеп берді. Өз кезегінде чехиялық қонақ аталмыш кездесудің екі ел арасында өткен жылдың күзінде жасалған Меморандум аясында жүзеге асып отырғандығын атап өтті. «Меніңше, осы құжат бойынша біздің алдағы уақыттағы бірлескен қимылдарымыз да белсенді әрі сәтті жүзеге асады деген ойдамын. Мен және әріптестерім бүгін Астанаға алғаш рет келіп отырмыз. Біз қаланың кескін-келбетіне таң қалдық. Қазақстанның жаңа елордасы салынып жатқанын кеше ғана естіген едік, бүгін шаһар әсем қалаға айналыпты», деді Прага прокуроры.
Жүздесу барысында қылмыспен күрес және азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын қорғауды бірлесіп жүзеге асыру мақсатында Астана мен Прага қаласының прокурорлары арасында ынтымақтастық пен түсіністік жөніндегі хаттамаға қол қойылды. Аталмыш құжат қол қойылғаннан бастап күшіне енеді және ол 5 жылға дейін күшінде болады. Құжат талаптарына сәйкес тараптар трансұлттық ұйымдасқан қылмыс, қылмыспен табылған қаржыны заңдастыру бағытындағы қылмыстарды іздестіру барысында екіжақты өзара көмек көрсететін болады. Сондай-ақ екі елдің прокурорлары тәжірибе мен ақпарат алмасады.
Естеріңізге сала кетейік, кеше елімізге ресми сапармен Чехия Республикасының Бас прокуроры Рената Весецка келген болатын. Бүгінгі кездесу осы сапардың аясында ұйымдастырылып отырған шара.