Астана мен Шымкент қалаларында фармацевтикалық жаңа фабрикалар салынады - Индустрия және сауда вице-министрі

Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан «Күз 2009 Ұлттық бизнес форумында» айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл фабрикаларда таблетка түріндегі дәрілер, ампульды-инфузиондық ерітінділер және GMP стандарттарына сай антибиотиктер өндіріледі. Астанада бұдан бөлек емдік дәрі-дәрмектер (вакцина, инсулин, қан препараттары және тағы басқа) шығаратын тағы бір кәсіпорын құрылысы жоспарланып отыр. Өндірісшілер сонымен қатар, Алматы, Павлодар, Семей қалалары мен Алматы облысында гастроэнтерологиялық, диабетке қарсы және онкологиялық препараттар мен антибиотиктер шығаратын отандық кәсіпорындарды қайта жаңартпақшы. Олар - «Глобал фарм», «Нобель», «Ромат» ЖШС-тері және «Фитохимия» ғылыми өндірістік орталығы мен «Ақтөберентген» АҚ», дейді Индустрия және сауда вице-министрі Ерхат Исқалиев. Оның айтуынша, бұл жобаларды жүзеге асыру отандық дәрі-дәрмек өндірушілердің ішкі нарықтағы үлесін 10-нан 50 пайызға дейін ұлғайтады. Сондай-ақ атаулы өнім санын да 600-ге дейін арттырады.