Астанада 24 852 адам жұмыссыз жүр

Бұл мәліметтерді бүгін «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының партиялық қадағалау комиссиясы, Жол картасының жүзеге асырылуына орай жүргізілген тексерістің нәтижелеріне арналған кеңесте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Нұр Отан» ХДП партиялық қадағалау комиссиясының инспекторы Дәулеткерей Рахметуллиннің атап көрсеткеніндей, 2009 жылдың басынан бері Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жұмыссыздық бойынша барлығы 21 031 адам келген. Оның 7465-і бүгінгі күні тұрақты жұмыспен қамтылған болса, 4651-і Жол картасы бойынша уақытша жұмыстарға жолданған. Қазіргі күні Жұмыспен қамту басқармасында 240 жұмыс берушілерден келіп түскен 1341 бос жұмыс орны бар.
Статистика департаментінің мәліметтеріне сәйкес жыл басынан бері 732 жұмыссыз 38 мамандық бойынша аталмыш басқарма мен елордалық 33 мекеме арасында жасалған екіжақты келісімдер негізінде қайта оқыту курстарынан өтті. Бүгінде оның 540-ы жұмысқа орналасты.
Сондай-ақ уақытша жұмысқа орналастыру бойынша 108 жұмыс берушімен, оның ішінде 83 ПИК-пен келісімдер жасалып, қоғамдық жұмыстарға 1724 адамға жолдама берілді. Оның 1497-сі орналасты.
Сонымен бірге, елорданың студент жастары үшін оқудан тыс уақыттарында ақша табудың қосымша көздері жасалды. Мәселен 423 жас 55 жұмыс берушіге қоғамдық жұмыстарға жолданды.