Астанада 40-тан астам халықаралық компания шетелде білім алған қазақстандық түлектерге бос жұмыс орындарын ұсынды
«Біздің мақсатымыз аталмыш жәрмеңкені шетелде білім алған, яғни өзге тілді меңгерген орта және жоғары деңгейлі мамандар үшін ұйымдастыру болды», - дейді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ вице-президенті және Астана түлектер қауымдастығының басшысы Әсет Әбдуалиев.
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ, Астана түлектер қауымдастығы және АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінің ұйымдастыруымен өткен шарада компаниялар ақпараттық технологиялар, мұнай-газ өнеркәсібі, қаржы және экономика, білім беру, инжиниринг, телекоммуникация, заң және құқық, менеджмент және басқа салалар бойынша 200-ден астам бос жұмыс орындарын ұсына келген. Жәрмеңке бағдарламасында түлектерге арналған тренингтер мен семинарлар сессиялары қарастырылған.
«Жәрмеңкемен қатар мұнда түлектерге тиімді түйіндеме жазу және Қазақстанда жемісті мансап құру тақырыптары бойынша сессиялар өткізіледі», - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, жәрмеңкеге «Болашақ» стипендиаттарымен қатар шетелде білім алған және халықаралық ұйымдарда жұмыс істегісі келетін түлектер де қатыса алады.