Астанада Беларусь тілі мен мәдениеті орталығы ашылды
Шараға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Орынханов пен Беларусь Республикасы Білім беру министрінің бірінші орынбасары Александр Жук қатысты.
А. Жук екі ел халқының әрдайым қонақжайлылықпен және өзара сенімділікпен ерекшеленетінін айта келіп, «биылғы мамыр айында Минскіде қазақ тілі, тарихы мен мәдениеті орталығы ашылса, енді міне, соның заңды жалғасы ретінде Астанада беларусь орталығы ашылып отыр», - деді.
«Бұл орталық қазақстандық студенттердің беларусь тарихымен, мәдениетімен, салт-дәстүрімен жақынырақ танысуға таптырмайтын орын болады. Сондай-ақ, екі ел арасындағы мәдени және білім беру саласындағы қарым-қатынастардың дамуына үлкен үлесін қосады деп сенемін», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Абай атындағы қазақ тілі, тарихы мен мәдениеті орталығы Минск қаласындағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі - Беларусь Ұлттық техникалық университетінде ашылған болатын.