Астанада Білім және ғылым министірінің қатысуымен балалардың республикалық саммиті өтіп жатыр

АНА. Қарашаның 2-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Балалардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау республикамыздың басты да басымдықты мақсаттары болып қала бермек.
None
None

Бұл туралы бүгін Астанадағы М.Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайында басталған «ХХІ ғасырдың балалары: біздің құқығымыз және мүмкіндігіміз» атты республикалық саммиттің ашылуында ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Білім министрінің атап көрсеткеніндей, биыл  Бала құқықтары туралы БҰҰ конвенциясының қабылданғанына 20 жыл. Бұл аса маңызды құжат қабылданғаннан кейінгі бір жылдан соң, оған әлемнің 190-нан астам елі қосылды. Ал Қазақстан үстіміздегі жылы БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенцияға қосылғанына 15 жыл толуын атап өтуде.

 «Бүгінде Конвенция балалар құқығын қорғау мәселесіндегі аса маңызды құжат болып табылады. Балалар - біздің қоғамымыздың басты байлығы. Сондықтан, олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау республикамыздың басты да, басымдықты мақсаттары болып қала бермек. Сіздер Қазақстан атты  зиялы да демократиялы елде тұрасыздар. Жеке пікірлеріңді білдіріп, оны тыңдата алу мүмкіндіктеріне иесіздер. Саммит - бұл мәдени және шығармашылық диалогқа, сондай-ақ тәжірибемен және жаңа идеялармен алмасуға ыңғайлы платформа»,  деді ол саммитке жиналған балаларға қаратып айтқан сөзінде.

 Сондай-ақ Ж.Түймебаев, бүгінгі жас ұрпаққа үлкен үміт артылып отырғанын айта келе, ел Президентінің басшылығымен жас елде жүзеге асырылып отырған ұлттық деңгейдегі жобалар мен мақсаттар олардың белсенді араласулары мен күш-жігерлерінің арқасында өмірге ене алатынына сенім білдірді.

 Айта кетейік, саммитке еліміздің барлық аймағынан жастар ұйымдарының 150-ден астам белсендісі, ҚР Парламентінің қос палатасының депутаттары, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдігінің басшылығы, педагогтар мен ата-аналар қатысуда.

 Салтанатты ашылудан кейін іс-шараның жұмысы - «Мен және менің құқығым», «Мен және әлем» , «Мен және мектеп», «Мен және БАҚ» тақырыптары бойынша бірнеше секцияда жалғасты.

Соңғы жаңалықтар