Астанада білімді басқару және сапасын бағалау саясатына қатысты ұлттық семинар өтті
АСТАНА. 12 қазан. ҚазАқпарат - 11 қазанда Астана қаласында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі (ҚР БҒМ) Еуропалық білім беру қорымен (ЕБҚ) және «Республикалық ТжКБ дамытудың және біліктілікті арттыру ғылыми-зерттеу орталығы» РМК-мен бірлесіп
«Білімді басқару және сапасын бағалау саясаты әзірлеу кезінде оларды деректер алу құралдары ретінде пайдалану мақсатында» ұлттық семинар (бұдан әрі - семинар) өткізді, деп хабарлады ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
Семинар кәсіптік білім беру және оқыту (КББО) саласында 2010 жылғы 27 қыркүйекте қол қойылған ҚР БҒМ мен ЕБҚ арасындағы Ынтымақтастық ниеттер туралы декларация шеңберінде өткізілді.
2010 жылы Турин процесі аясында Қазақстандағы КББО жүйесіне алғашқы шолу жасалды. Қазақстанның КББО жүйесіне келесі талдауды 2012 жылы жүргізу жоспарланып отыр.
Семинарда КББО сапасын бағалау және КББО саясатын әзірлеу кезінде нақты деректер мен индикаторларды пайдалану мәселелерін талқылау және тәжірибе алмасу көзделді. Оның жұмысына мүдделі министрліктер мен ведомстволардың, Бүкіл әлемдік банк пен Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі герман қоғамының (GIZ) өкілдері қатысты.
Семинар барысында 2012 жылы Қазақстанның КББО жүйесіне шолу өткізу процесін жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірленді.