20:26, 02 Наурыз 2012 | GMT +5
Астанада «бұрқасын» ойындары болады
АЛМАТЫ. 2 наурыз. ҚазАқпарат - Астанада 3 наурызда шаңғы жарысынан «Бұрқасын-2012» өтеді. Қалалық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының хабарлауынша, дәстүрлі бұл шара биыл 12-рет ұйымдастырылып отыр.

Оған мектеп оқушылары, арнайы орта және жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушылары, министрліктер мен мекемелердің, мемлекеттік органдардың және кәсіпорындарың қызметкерлері қатысады деп жоспарлануда.
Бағдарламаға барлық топтағы адамдар үшін шаңғы жарысы және қысқы шағын футбол, шайбалы хоккей, кір тасын көтеру, армрестлинг, белбеу күресі, ұлттық спорт түрлері: бұқа тартыс, арқан тартыс сияқты өзге де спорт түрлері еніп отыр. Сондай-ақ балық аулаушылар мұзасты балық аулау спортынан Астана қаласының ашық чемпионатын өткізбек. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін сонымен қатар бұл шара кезінде Есіл өзенінің бойында орнатылған мұз айдынында спорттық мектептердің шәкірттері мәнерлеп сырғанаудан қойылымдар көрсететін болады.