15:50, 12 Наурыз 2009 | GMT +5
Астанада Елбасының Жолдауын халық арасында насихаттайтын 50 ақпараттық-насихат тобы жұмыс істей бастайды
АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Алдағы күндері Астанада Елбасының «Дағдарыстан – дамуға» атты Жолдауын халық арасында насихаттайтын 50 ақпараттық-насихат топ жұмыс істей бастайды.
Бұл туралы бүгін қала әкімдігінде мәслихат депутаттарымен өткен кеңесте «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Павел Казанцев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, 25 ақпараттық-насихаттық топты мәслихат депутаттары басқаратын болады. Олар өздеріне тиесілі округтарда тұратын, жұмыс істейтін азаматтармен жиналыстар өткізеді. Тағы 25 топты «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы жасақтап, халық арасына жіберетін болады. «Мұндағы мақсат ? Елбасының биылғы Жолдауының басымдықты тетіктерін тұрғындарға жеткізе отырып, олардың қазіргі дағдарыс кезіндегі жеке бастарының уәждерін тыңдау. Өйткені, өз проблемаларын айтып біздің қабылдау бөлімдерімізге астаналықтардың барлығы келе бермейді. Ақпараттық-насихат топтардың жұмысы аяқталатын он күннен кейін, халықтан қабылданған өтініш-арыздармен жұмыс істейтін тағы 50 арнайы топ жасақталатын болады», - деді ол. Сондай-ақ кеңес барысында мәслихат депутаттары Астана қаласының тұрғындарына арналған Үндеу қабылдады. Онда: «Құрметті астаналықтар! Сіздерден бүгінде бәрімізге аса қажетті жігер мен төзімділікті танытып, экономикалық қиындықтарды еңсеру және оның шарықтауының келесі сатысына дайындалу үшін күшімізді біріктіруге шақырамыз», делінген.