Астанада Франциядан «KazEOSat -1» спутнигінің ұшырылу сәтінің онлайн көрсетілімі өтеді
Қазақстан Республикасындағы Францияның Елшісі Франсис Этьен мырза, Қазғарыш және ҚР ҰҒА «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-ның басшылығы мен мамандары, сондай-ақ «Airbus Defence and Space» француз компаниясының Астанадағы филиалының өкілдері қатысатын бұл шара аясына ЖҚЗ спутнигінің ұшырылу сәтін бақылау ғана емес, кең ауқымды ақпараттық бағдарлама (презентациялар, тақырыптық видеороликтер, комментарийлер, аудиобайланыс және т.б.) да кіреді, делінген баспасөз парағында.
Баспасөз орталығының хабарлауынша, трансляция басталмас бұрын Қазмедиаорталығының конференцзалында Қазғарыш және Airbus Defence and Space өкілдерін қарсы алу шарасы ұйымдастырылады. Жиында мамандар ҚР жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесін жасау жөніндегі Қазақстан мен Францияның бірлескен жобасын іске асыру жайын сөз етеді.
Онлайн конференцияға қатысушылар «Куру» ғарыш айлағынан ҚР ҰҒА басшысы Талғат Мұсабаевтың, «Airbus Defence and Space» ғарыштық жүйелер вице-президенті Франсуа Оканың және «KazEOSat -1» спутнигі орнатылған еуропалық «Вега» ракетасының ұшырылуына атсалысатын басқа да мамандардың сәлем жолдау сәтін тамашалай алады.