Астанада ішкі істер органдары қызметіне бақылау жасауда азаматтық қоғамның рөлін күшейту тақырыбы талқыланды
Жиын барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті полиция қызметінің мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының жаңалықтары айтылды. Жиында сөз алған ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Е.Тұрғымбаев аталған заң жобасы Бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы Ұлт жоспарын, 2015-2025 жж. арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл стратегиясын, «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жж. арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын іске асыру шеңберінде әзірленгенін айтты. Заң жобасының басты мақсаты мемлекеттік органдардың, әсіресе ішкі істер органдарының қызметіне қоғамдық институттардың атсалысуын қамтамасыз ету болып табылатынын жеткізді.
ҚР ІІМ Әкімшілік полициясы комитетінің Төрағасы И.В.Лепеха қаралып отырған заң жобасына «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының №30 қадамына сәйкес енгізілген жергілікті полиция қызметінің есеп беруге міндеттілігі, аталған орган жұмысына қоғамдық бақылау орнату мәселелері ішкі істер қызметінің ашықтығына және оған азаматтардың сенімін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. «Жергілікті полиция қызметін құру ішкі істер органдарын оңтайландыру арқылы оның құрамында учаскелік полиция инспекторларын, жол-партульдік, ювеналды, табиғат қорғау полициясын, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау құрылымдарын біріктіру арқылы іске аспақ. Жергілікті полиция қызметін құрудағы басты мақсат-жергілікті органдардың жауапкершілігін көтеру мен құқық қорғау мәселелерін шешу»,- деді Игорь Лепеха. Жергілікті полиция қызметінің жетекшісін облыс және қала әкімдері сайламақ. «Аталған лауазымға үміткерлерді Ішкі істер министрлігі ұсынатын болады. Үміткерлер кадр резервінде тіркелген және полиция қызметіндегі азамат болуы керек. Тағайындау кезіндегі негізгі талаптың бірі мәслихаттың келісімі болмақ»,- деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы И.Лепеха. Пікір алмасу кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар мен ішкі істер органдардың өзара іс-қимылы мәселелері қызу талқыланды. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті полиция қызметінің мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдау жөніндегі ұсыныстар қабылданып, азаматтық қоғам институттарының ішкі істер органдары қызметіне бақылау жүргізуге қатысу механизмін жетілдіруге бағытталған шаралар ұсынылды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайырбек Сүлейменов модераторлық еткен жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Р.Сәрпеков, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Е.Тұрғымбаев, ҚР ІІМ Әкімшілік полициясы комитетінің Төрағасы И.В.Лепеха, ІІД басшысы А.Әубәкіров, ҚР ІІМ жанындағы Қоғамдық кеңес Төрағасы М.Қоғамов, Астана қаласы әкімінің орынбасары А.Лукин, ҚР ІІМ Алматы Академиясының, Б. Бейсенов атындағы ІІМ Қарағанды Академиясының ғалымдары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласы сарапшылары қатысты.