Астанада Қаржы полициясы және «Нұр Отан» партиясының жемқорлыққа қарсы бірлескен акциясы басталды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сенің жемқорлыққа қарсылығың өте маңызды» деген ұранмен басталған ақпараттық-насихаттық акция жыл соңына дейін өтеді.
«Нұр Отан» ХДП-нің Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әмірхан Рақымжановтың айтуынша, жемқорлықпен күрес партияның негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Өткен жылы «Нұр Отан» партиясы Қаржы полициясымен бірге осыған ұқсас «Жемқорлыққа жол жоқ!» шарасын өткізген. «Жемқорлықпен күрес бір адамның, бір мекеменің жұмысы емес, ол кеселмен қоғам болып, халық болып күресу қажет», дейді Ә. Рақымжанов.
ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Астана қаласы бойынша департаментінің бастығы Дәулет Айтжановтың атап көрсеткеніндей, жемқорлықпен күрес жолында Қаржы полициясы Астана қаласының қылмыстық атқару жүйесінің, Ішкі істер органдарының және Ұлттық қауіпсіздік департаментінің қызметкерлерімен тиімді әріптестік қарым-қатынастар орнатқан.
Акцияға байланысты бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді. Оған сәйкес, Қаржы полициясының төрағасы партияның Орталық аппаратындағы қоғамдық қабылдауларда азаматтарды жеке мәселелер бойынша қабылдайтын болады. Халықпен мұндай кездесулерді органның өңірлердегі бөлімшелері де жүзеге асырмақ. Сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестердің кеңейтілген отырыстары, кәсіпкерлермен кездесулер, жастар пікір-сайыстары мен әлеуметтік сауалнамалар ұйымдастырылады. Жемқорлыққа қатысты ақпараттар, қаржы полициясы органдарының байланыс телефондары (144, 8 800 080 3000) жазылған кітапшалар таратылмақ. Акцияның басталғандығы және оған белсенді қатысу үндеулерін СМС арқылы ұялы телефон абонеттері де алатын болады.