Астанада Кәсіпкерлікке үйрету орталығы ашылады

Астана, Алматы, Атырау, Қызылорда, Петропавл және Өскемен қалаларында жүзеге асатын жоба аясында, ең алдымен, әйелдер арасындағы жұмыссыздық мәселесін жан-жақты зерделеп шығу жоспарланған. Осының негізінде қауымдастық өкілдері әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және олардың арасында жұмыссыздықты барынша азайтуға арналған ұсыныстарды әзірлеп, ел Үкіметіне жолдайтын болады. Жобаның екінші кезеңінде Кәсіпкерлікке үйрету орталығын ашу жоспарланған. Онда әйел кәсіпкерлерді бухгалтерия, құқықтану, іс жүргізу және басқа да қажет пәндерге үйрету көзделіп отыр. Орталық Астана қаласында ашылады. Болашақта осы іспетті нысанарды еліміздің басқа да қалаларында ашу жоспарда бар. Осыдан кейін аудит, бухгалтерлік есеп жүргізу, есеп беру және ревизиялық тексеру шаралары, сондай-ақ бизнесті заңдастыру және оған қосалқы көмек беру мәселелеріне арналған кәсіби сарапшылардың жеке кеңестерін өткізу қарастырылған. Осы қызметтердің бәрі әйел кәсіпкерлер үшін тегін көрсетілетін болады.