10:46, 05 Наурыз 2009 | GMT +5
Астанада Қазақстан әйелдерінің Ү форумы өтуде
АСТАНА. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық – демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның құрылғанына 10 жыл толуына арналған Қазақстан әйелдерінің Ү форумы басталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Форумның басты мақсаты еліміздегі әйелдер қауымының әлеуеті мен күш-жігерін, экономиканы, қоғамның әлеуметтік саяси өмірін тұрақтандыру және оны демокартияландыруды одан әрі жаңарту үдерісіне жұмылдыру болып табылады. ҚР Президентінің баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, аталған шараға осы жылдар ішінде комиссия қызметіне белсенді қатысып келген қыз-келіншектер шақырылып отыр. Форумға халықаралық ұйымдардың өкілдерімен қатар шетелдік меймандар ретінде басқа елдерде үлкен кәсіби табысқа қол жеткізген қазақ әйелдері қатысуда.
Жиынға шақырылған 365 өкілдің 160-ы еліміздің өңірлерінен келіп отыр. Онда шағын және орта бизнес саласындағы әйелдер кәсіпкерлігін кеңейту мен дамыту, әйелдердің Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасына қатысуы, жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бастамаларды қолдау, сондай-ақ бұл үдеріске әйелдерді кеңінен тарту мәселелері талқыланбақ.