Астанада Қазақстан халқы бірлігі күні өтетін шеруге 3 мыңға жуық адам қатысады

АСТАНА. 29 сәуір. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астанада 1 Мамыр - Қазақстан халқы бірлігі күні өтетін шеруге 3 мыңға жуық адам қатысады.
None
None

Биыл Қазақстан халқының бірлігі күні жаңа үлгіде атап өту көзделіп отыр. Осы ретте көпшіліктің қатысуымен Қазақ Елі монументі алдындағы алаңда «Отанымызға деген сүйіспеншілікпен - берекелі асуларға» ұранымен шеру өтетін болады. Шеру арқылы қазақстандықтар өздерінің біртұтастығы мен ынтымағын тағы бір дәлелдейтін болады.

Көрсетілімдік шеруге 2800 адам қатысады. Олар әрқайсысының өзіндік мағынасы бар 6 бөлікке (6 бөлік тағы 21 қатарға бөлінеді) бөлінеді. Әрбір қатар ел азаматтары еңбек етіп жүрген көптеген салалардан көрініс беретін болады.

Қазақстанның қарқынды дамуы, Еуразияның маржаны - Астана қаласының бой көтеруі құрылыс саласымен байланысты болғандықтан, алғашқы қатарда құрылыс саласының өкілдері жүреді. Құрылысшыларға Көкшетау қалысының бишілер тобы ілеседі.

Ал «Кәсіпкерлер» қатарында Қазақстанның ең ірі кәсіпорындарының бірі, астық өңдеу саласының көшбасшысы болып табылатын - «Цесна-Астық» концернінің үздік жұмысшылары жүреді.

«Көлік» саласын «Аспан» би ұжымымен бірге автопарктер, жол қызметкерлері, «Сарыарқа» ӘКК (темір жол вокзалы), «Астана» Халықаралық әуежайы» АҚ, локомотив зауытының жұмысшылары таныстыратын болса, «Коммуналдық шаруашылық» бөлігіне «Астана Орманы» МКК, «Астана жасыл құрылыс» АҚ, «Астана Тазалық» ЖШС, «Астана су арнасы» МКК, ЖЭО-1 және ЖЭО-2, «Есіл- Астана» МКҚК-ның өкілдері енбек.

Онымен бірге, Қазақстан Республикасының халық әртістері, «Алтын белгі» иегерлері мен зияткер студенттер бастайтын «Білім және әлеуметтік сала» қатарында қалалық ЖОО-лардың студенттері, мәдениет саласының қызметкерлері мен мектеп оқушылары жүріп өтеді.

Олардың ізінше «Денсаулық, мәдениет, спорт» бөлігіне шоғырланған спорттық қоғамдастық, еңбек сіңірген спорт шеберлері, спорт ардагерлері, спорттық мекемелердің басшылары, Әлем чемпионаттары, Әлем Кубоктары мен Азия ойындарының жеңімпаздары сондай-ақ, денсаулық сақтау саласының мамандары жүрмек.

Шерудің «Оқытушылар мен оқушылар» қатарынан қазақ тілінен ең үздік мұғалім атанған педагогтарды, «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпаздарын, ұлттық киімдер киген мектеп оқушыларын көруге болады.

Шерудің барлық қатысушылары қазақ еліндегі берік ынтымақтастықты, бірлік пен жоғары кәсібилікті бейнелейді. Ал ұлттық киімдер киген бүлдіршіндер шеруге ерекше маңыз бен әсемдік бере түспек.

Мереке қазақстандық эстрада әншілерінің концертіне ұласады.

Соңғы жаңалықтар