Астанада Қазақстан халқының қолданбалы өнер көрмесі өтіп жатыр

Мәдени шара еліміздің қолданбалы өнерін дамыту мен насихаттау мақсатындағы ҚР Президенттік мәдениет орталығы мен «Шеберлер ауылы» қауымдастығының бірлескен бастамасы аясында ұйымдастырылып отыр.
Көрмеге қазақ шеберлері мен өзге ұлт өкілдерінің елімізде өсіп-өркендеп келе жатқан әр халықтың рухани тыныс-тіршілігін, болмыс-бітімін, бай тарихи мұрасын айғақтайтын қолөнер туындылары қойылған.
Жұртшылық назарына Амангелді Мұқажанов, Серікқали Көкенов, Кәлімхан Рахметбайқызы, Лилия Ким, Мирлан Мамбетақұнов және өзге де шеберлердің жаңа үлгідегі, тосын да тың дизайнерлік шешімдерінен туындаған әсем дүниелері, киізден, тастардан жасалған, ағаштан ойылған бұйымдары мен кәдесыйлары, тоқыма, батик техникасымен жасалған жаулықтар, сонымен қатар қазақтың зергерлік бұйымдары, әзірбайжандық кілемдер мен өзбек кестесі ұсынылған.
Көрмеде көрсетілген көркем композициялармен бейнеленген әр халыққа тән қайталанбас мәдени өрнектер мен ерекшеліктер бір-бірін байыта келісті үйлесім тауып, Қазақстан Республикасындағы халықтар достығын дәріптеп тұрғандай әсер қалдырады.
Қолданбалы өнер көрмесі 2 мамырға дейін жалғаспақ.