Астанада «KAZGRAIN-2012» V қазақстандық астық форумы өтеді

Іс-шараны «Қазагромаркетинг» АҚ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің және «Қазақстан астық одағы» Заңды тұлғалар бірлестігі ресми қолдауымен ұйымдастырады. Іс-шараға «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ, «АПК Инвест» ЖШС, «Казақстан астық компаниясы» ЖШС демеушілік көрсетеді.
«KAZGRAIN-2012» қазақстандық астық форумы астық нарығына қатысушылар үшін басты іс-шаралардың бірі болып табылады. Форум жұмысына астық дақылдарын өсіру және экспорттаумен айналысатын 200-ге жуық отандық және шетелдік компаниялардың, салалық мемлекеттік ведомстволардың, Кеден комитетінің өкілдері, астық саласының әлемдік және қазақстандық сарапшылары қатысады деп күтілуде. Қазақстандық астық экспорттаушылардың жаңа сату нарықтарын игеруіне байланысты биыл форум жұмысына алғаш рет Қытай, Индонезия, Пәкістан іскерлік саласының өкілдері қатысатыны жоспарланған.
Форум шеңберінде Қазақстан астық нарығының қазіргі жағдайы, мемлекеттік қолдау бағыттары, астық нарығындағы биылғы маркетинг жылындағы үрдістер мен баға болжамдары, сонымен қатар астық нарығының инфрақұрылымдық және логистикалық мәселелері сияқты өзекті тақырыптар талқылауға ұсынылатын болады.
Сонымен қатар, форум баяндамашылары мен модераторлары қатарында «Совэкон» агенттігінің атқарушы директоры А. Сизов, IDK.ru коммерциялық директоры Ю. Белоусов, «АПК-Информ» АА ақпараттық орталығының жетекшісі Е. Чередниченко, «Қазақстан астық компаниясының» бас директоры С. Потапов, Қазақстан астық одағының президенті Н.Тілеубаев, Қазақстан астық өңдеушілер және нан пісірушілер одағының президенті Е.Ган және басқа да беделді тұлғалар болатыны күтілуде.
«Жиын қазақстандық астықтың әлемдік нарыққа белсенді түрде шығарылуын арттыру, сонымен қатар экспорттаушылар мен импорттаушылар арасындағы тығыз қарым-қатынастарды дамыту, жаңа іскерлік әріптестікті орнату мақсатында өткізіледі. Шара аясында жалпы және секциялық отырыстарымен конференция, сонымен қатар дөңгелек үстел форматындағы отырыс өткізіліп, іскерлік келіссөздер жүргізіліп, келісімшарттар жасалмақ.