Астанада қоршаған орта мәселелері бойынша лауазымды тұлғалар отырысының жұмысы басталды
Сессия жұмысын ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов ашты.
Айта кетейік, конференция жұмысы екі сегменттен тұрады. Лауазымды тұлғалар отырысы қыркүйектің 27-сі мен 29-ы аралығында, ал министрлер сегменті отырысы қазанның 1-і мен 2-сі аралығында өтеді. Конференцияның бүгін басталған жұмысында еліміздің және шет елдерден келген өкілдер қоршаған ортаның маңызды мәселелері бойынша ресми құжаттарды қарастыру шараларына кірісіп кетті.
«Бүгінгі шарада аға лауазымды тұлғалар сегменті отырысын ашып отырмыз. Сіздерге халықаралық ынтымақтастық және алтыншы конференцияға дайындық жұмыстарын іске асыру міндеті жүктеліп отыр»,-деді Н. Әшімов.
«Біз ЭСКАТО-да «Жасыл даму» бағытында ілгерілеушілік үшін қажет бірнеше ауқымды бағытты анықтап алдық. Атап айтқанда, біріншіден бізге санынан гөрі сапалық өсімге бетбұрыс жасау қажет. Екіншіден, тұрақты инфрақұрылымға инвестиция салу керек», - деді лауазымды тұлғалар отырысының ресми ашылуы кезінде ЭСКАТО Қоршаған ортаны қорғау бөлімінің бастығы Рай Квон Чунг.
(ЭСКАТО) - БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты өңірі бойынша экономикалық және әлеуметтік комиссиясы.